«Жас ұрпақ - оқы және өркенде» атты аудандық байқау өтті

2022 ж. 8 шілде

«Жас ұрпақ - оқы және өркенде» атты аудандық байқау өтті

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Сарқырама ауылдық кітапханасында «Жас ұрпақ - оқы және өркенде» атты аудандық байқау өтті. Байқаудың басты мақсаты - оқырмандарды кітап арқылы Отанын, елін, жерін, ұлтын, ана тілін сүюге тәрбиелеу. Байқау бес бағыттан ұйымдастырылыған. Алдымен «Туған жер ақындар жырында» атты байқауға қатысушылар жергілікті ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Оған қатысқан оқушылар О.Сүттібаев, Т.Көпбаев, Ә.Қонысбаев, Қ.Сұлтанова ауданнан шыққан ақындардың өлеңдерін нәшіне келтіре орындады. Табиғаты тұнып тұрған таулы өлкенің сұлулығын сипаттаған жыр жолдары көреремен көңілінен шықты. Екінші бағытта«Тұлға боламын» тақырыбында тұлға болып қалыптасуына әсер еткен кітаптар туралы айтты. Мектеп оқушылары өздеріне ұнаған, өзіндік тәлім тәрбиесі мол қызықты оқыған кітаптарының несімен ұнағанын әңгімеледі. Үшінші «Сүйемін туған жерімді» атты бағытта оқушылар Төлеби ауданының-90 жылдығына орай өздері жазған өлең, эсселерін көрермен назарына ұсынды. Тәп тәуір шығармалар қатысушылардың ілтипатына бөленді. Табиғаты ерек, сұлу өлкеде туғандар суретші болмауы мүмкін бе? Төртінші бағыт бойынша оқушылар «Туған өлке табиғаты» бағытымен сурет салу өнерлерін танытты. Тау мен табиғатты, өзен мен көлді, жалпы сұлулықты сурет бетінде өрнектеген суретшілер таланттарымен таңқалдырды. «Менің сүйікті кітабым» бағыты бойынша оқырмандар сүйікті кітаптарын қорғады.