Табыс формуласы

Табыс формуласы

Неліктен сізді ара шағып алды?

... Мен өз өмірін түбегейлі өзгерткен бір әйелді білемін. Ол жиырма жыл бойы ылғи екі көзі жасқа шыланып жылаумен, күйеуінен жәбір көрумен, өмірін қорлықта өткізген болатын. Осынша ғұмыр бірге тұрған отағасымен күндердің күнінде ақыры ажырасып кетті. Біржағынан кедейшілік қысып, біржағы балаларын жалғыз асырау оңай болмай, әбден қиналды. Менің айтпағым, әлгі әйелдің басынан кешкен тауқыметтері емес, оны қалай жеңе білгендігі туралы еді.

Жан-жағынан қаумалаған қаншама теперіштерге қарамастан ол ешуақытта ренжімеуге тырысатын, ашуға бой алдырмайтын, көңіл күйді бұзатын нәрселерден бойын аулақ ұстайтын. Былайша айтқанда, жағымсыз, өзін, не болмаса өзгелерді кінәлайтын, жазғыратын, налитын сезімдерге берілмейтін. Тіпті, бұрынғы күйеуі жөнінде ешқашан жаман сөз айтпады. Оның барлық ойлары мен сөздері тек өзінің армандары туралы болды, әйел жаңа үй сатып алуды, еуропа елдеріне саяхат жасауды, керек десеңіз, жаңадан отбасын құруды мақсат етіп қойды. Сол кездері оның қалтасы қалың болмаса да, шетелде демалуға мүмкіндігі жоқ бола тұра, төлқұжат жасатты. Қашық жолға шығуға әрдайым дайындалып жүретін. Кенеттен ұшақпен ұшып кететіндей, сөмкелері мен майда шүйде заттарын қамдап қоятын. Бір күні күтпеген жерден алыс елдердің біріне саяхаттауға жолы түсті. Бәрінен таң қаларлығы, ол сапардан жалғыз оралмады, өзіне сырлас бола алатын өмірлік серігін тапты. Қарап тұрсаңыз, мұнда қандай да бір құпиялылық, не болмаса аяқ астынан жолы болғыштық жоқ. Бар болғаны бұл әйел өмірде өзіне ұнамайтын нәрселерді айтудан, ойлаудан бас тартқан. Есесіне өмірге, айналасына, жалпы бүкіл әлемге махаббатпен қарай білді. Өзіне ұнайтын адамдар туралы әңгімеледі, ұнамды нәрселерді ойлады, соның арқасында өзін құрсаулаған қиыншылықтар мен мәселелерден біртіндеп құтыла бастады. Сіз де өз өміріңізді өзгерте аласыз. Себебі, осы секілді жағымдылықтарды ойлай алатын және айта алатын шамаңыз бар екені анық. Сондықтан өмірдің игіліктері мен байлығын өзіңізге қарай тартуға шексіз мүмкіндіктеріңіз бар! Сіз өмірді жақсы көре білген жағдайда және жақсы ойлар мен сөздерді, ұнататын бұйымдарыңызды айтатын болсаңыз, тартылыс заңы дәл сондай жақсылықтармен жауап беретіні есіңізде болсын. Табиғатта әрбір нәрсенің қайтарымы бар. Сіз осы күш қуатты иелену, игеру үшін өмірге деген махаббатты сезіне білуге тиіс екеніңізді ұмытпаңыз.

Өмірді сезіне аласыз!

Сіз дүниеге келген күніңізден бастап, айналаңызды сезіне білуді үйренгенсіз. Тек сіз емес, жер бетіндегі барлық адамдар да өмірді сезіне білген жандар. Иә, сіздің әрбір клеткаңыз өмірді сезініп, тіршілік етуші және әрбір дене мүшеңіз өмірді сезіну үшін жаратылған!

Cіздегі көру, есту, иіс сезу, ойлау, сипалау сезімдерінің барлығы өмірді сан қырынан білу үшін берілген. Денедегі бұл тетіктер өмірді сезіне алуға жәрдемдеседі. Яғни, жан-жағыңызды сезіне білуге қабілеттісіз. Базбіреулер қаншама өзім туралы және өмір туралы жақсы ойларға берілейін десем де, мұны жасай алмаймын, қорқыныш пен күдік күмән қайтадан пайда болады дейді. Бұл да сезім. Тек жақсылықты емес, үрейді сезіну. Демек, сіз сезіне аласыз деген сөз. Алайда, тез арада сезімдеріңізді алмастырыңыз, соның ішінде өмірді жақсы жағынан сезінуге дағдыланыңыз. Бастысы, сіз қазір қандай сезімдесіз, нені сезінесіз, не сезіліп тұр, ол сіздің ертеңгі күніңіз болып табылады. Ол сіздің болашағыңызға айналады.

Бұл сіздің биоөрісіңіз

Адамның миына күнбе-күн сан мыңдаған ой келеді. Көбісі сол сәтте ұмытылып кетеді, өйткені ондағы ойлар сізге ешқандай сезім әкелмегені. Егер сіздің өз аузыңызбен айтылған сөздеріңіз сезімсіз болса, онда ол сөздердің күші жоқ. Ал, егер сөздерді айтқан кезде қандай да бір сезімде болсаңыз, міне, сіздің өміріңізді жасап жатқан осылар. Ең маңыздысы осыған мұқият болыңыз! Қандай сезім кешіп жатқаныңызды аңғарыңыз!Егер сіз іштей: «Мен бастығыма әрең төземін, ол маған ұнамайды» деп ойлайтын болсаңыз, әрине, ойларыңыз жағымсыз. Жағымсыз ойлар жағымсыз сезімді тудырады емес пе? Енді осы сезім арқылы сіз бастығыңызды одан бетер жек көре бастайсыз. Әрі қарай не болады? Сіздегі әлгі сезімдер әлемге, айналаға, өмірге жағымсыздықтарды таратып жатыр. Бұл сіздің биоөрісіңізден таралып жатқан дүниелер. Биоөріс сіздікі. Әуеге таратылған сіздегі толқын қайтып айналып өз өрісін табады. Яғни, сіз бен басшыңыз арасындағы қарым-қатынас күннен күнге шиеленісе береді. Ал, егер сіз: «Менің жұмысымда тамаша адамдар бар. Менің ұжымым мен үшін қызықты!» деп ойлайтын болсаңыз, бұл жағымды сезім. Сіз осы сезімді таратып тұрсыз, есесіне сіздің ұжыммен байланысыңыз жақсара түседі.

24 сағаттың 1 сағаты қуаныш...

Өмір секілді сіздердің сезімдеріңіз де кейде жағымды, кейде жағымсыз болуы мүмкін. Яғни, өміріңізге деген сіздің сезімдеріңіз не жақсы, не болмаса жақсы емес. Егер жақсы сезімде болсаңыз, сіздің өміріңізде махаббат бар деген сөз, барша жақсылықтар өмірге деген махаббаттың толысуынан шығады. Егер сезімдеріңіз нашар болса, онда сізге махаббат пен жылылық жетіспей жатқанын аңғаруға болады. Неғұрлым жиі қуанатын болсаңыз, соғұрлым кеңістікке махаббат тарататыныңызды білесіз бе? Ол сізге махаббат болып қайта оралады. Қаншалықты жақсы сезім мен махаббатты бере алдыңыз, соншалықты ала аласыз! Әлем кеңістігіне қанша қуаныш толқынын жібере алғаныңызды қалай байқауға болады? Оны өзіңіз біле аласыз. Мәселен, сіз тәуліктегі 24 сағаттың 1 сағатында қуанышты болған шығарсыз, ал қалған уақытта ше? Не істедіңіз? Әлдекіммен тәжікелесіп ренжістіңіз бе? Көңіл күйіңіз төмен болды ма? Міне, енді өзіңіз есебін шығарыңыз. Сіз тәулік бойы қандай сезімде және қандай ойда болатыныңызды шамалаңыз. Демек, сіз бір сағатқа ғана қуаныш сезімінде болдыңыз, қалған уақыт барысында жағымсыздықтарды таратқан болып шығасыз.

Сіздің сезімдеріңіз жағымсыз болған сайын (бұл бәлкім сіздің әлдекімге өкпе ренішіңіз, ашу ызаңыз, кінәлауларыңыз, айыптау сөздеріңіз болуы әбден мүмкін), ендеше өз әлеміңіз жағымсыздықтарға тола бастайды. Міне, өзіңізді нашар сезінетініңіздің түпкі себебі қайда жатыр? Мұндай жағымсыз сезімдерде махаббат болмайды!

Сіздің сезімдеріңіз қаншалықты айқын және жарқын, өміріңіз де соншалықты айқын және жарқын.

Сіздің сезімдеріңіз қаншалықты жағымсыз, сұрқай, қату, өміріңіз де сондай... Сіз сезімдеріңізді жарқын жаққа қарай өзгертпейінше, өміріңіз де өзгермейді.

Жақсы сезімде бола алсаңыз, ойларыңыз да кенет жақсарады. Аса қуанышты сезімде болып тұрып, сіздің жаман ойлауыңыз мүмкін емес! Сондай-ақ, нашар сезімде тұрсаңыз, жақсы ойларды ойлай алуыңыз да мүмкін емес.

Сіздің сезімдеріңіз дәл қазір айналаңызға қандай шұғыла шашып жатқаныңызды білдіретін дәлдік. Әлгінде айтқандай, бұлар жақсы сезімдер болса, онда қам жемеңіз, сіздің әрі қарайғы ойларыңыз, сөздеріңіз, іс әрекеттеріңіз жақсы болмақ. Жақсы сезімдер сіздің өміріңіздің жақсара түсетініне мүмкіндік беретін бірден-бір кепілдік.

Барлығы жақсы болады! Демек жақсы болады деген сөз

Бір қарағанда адамдар жақсы мен жақсы емес сезімдердің қандай болатынын білетін секілді. Дегенмен, олар өздеріңіз жағымсыз сезімдерге бой алдырып жатқанына есеп бермейді. Мәселен, жағымсыздық деп әлдебір қайғы-мұңды, қорқыныш пен ашу ызаны түсінеді. Біз осылардан аулақ болсақ, бастысы жаман ойларды ойламасақ болды дейді. Иә, бұлардың барлығы расында негативті сезімдер. Дегенмен, негативті сезімдердің де сан түрі бар. Кейбіреулер мынандай сезімде болады, ол ашуға бой алдырмай, болып жатқан оқиғаларға төзімділікпен қарап жүреді және оны ойлауға мұршасы болмайды. Қолы бос емес. Жұмысбасты. «Менің жаман ойларды ойлауға уақытым да жоқ» дейді. Алайда, бұл жағымсыз сезімнен гөрі жағымды сезімге жақындау, бірақ позитивті білдірмейді. Яғни, сіз қуанышты сезімде емессіз, бар болғаны «шыдамдылық» танытып, өзіңізді жұбатып тұрсыз. Жақсы сезімде болу деген сөз – адам өзін барынша тамаша сезіну! Өзін бақытты сезіну! Демек, сіз шын мәнінде бақыттысыз, сіздің айналысатын сүйікті ісіңіз бар, ертеңгі күніңізге сеніммен қарайсыз, өмірдегі көп нәрсені алуға құмарта аласыз (әрине, жақсы жағынан құмарту). Егер сіз өзіңізді орташа көңіл-күйде сезінсеңіз, барлығына шыдап бақсаңыз, не болмаса өмірде ештеңені сезінбесеңіз, өміріңізде орташа, шыдауға боларлықтай жағдайларға толы, не болмаса ештеңені сезінбеген күйі өте береді. Осындай өмір сізге ұнай ма? Жоқ, ұнамайды. Өзін нағыз жақсы сезіну - шындығында өзін нағыз жақсы сезінгенде ғана болады, бұл сезімдер сіздің өміріңізді расында нағыз жақсы өмірге айналдыратын болады!

Сол себепті, нағыз жақсы сезімді сезіне алу үшін өмірдегі сіз бұған дейін елемеген қуаныштардың барлығына қуана білгейсіз. Радиодан өзіңізге ұнайтын әнді тыңдадыңыз ба, қуаныңыз, сосын ол қуанышты кеңістікке жіберіңіз, көшеде, не аялдамада жақсы көретін танысыңызды, досыңызды ұшыраттыңыз ба, қуаныңыз, қуана хал-жағдайын сұраңыз, оның бақытты болуын іштей тілеңіз, жалақыңызды қолыңызға алдыңыз ба, қуаныңыз, жалақыңыз сәл көтерілді ме, алғыс айтып қуаныңыз (азғантай қосылды, бұған қай жыртықты жамайын, баға болса шарықтап тұр дегенді тоқтата тұрыңыз), сонда ғана бұл махаббаттың барлығы сізге екі еселеніп жақсы сезімдер болып қайтып келеді. Егер мазасыз күйде болсаңыз, ертелі кеш сіз әлемге мазасыз сезімдер таратып жатсыз. Демек, сіз күні бойы осындай мазасыздықтарға, тығырыққа тап келіп, ашулы жандармен кездейсоқ кездесіп қала беретін боласыз. Не болмаса, сізді аяқ астынан ара шағып алады, болмаса жолда көлігіңіз бұзылып қалады.

Сіздегі жақсы сезімдердің барлығы махаббат күшіне алып барады, махаббатқа алып келеді және махаббатпен біріктіреді. Яғни, махаббат барлық жақсылықтардың, жағымсыз сезімдердің шоғыры. Энтузиазм, өмірді білуге талпыну және өмір сүруге құмарту, мұның барлығы махаббаттан туады. Және осы сезімді әрқашан сіз сезіне алатын болсаңыз, өміріңіз айналаңызды танып білуден, энтузиазмдық ынта-жігерден, құлшыныстан тұратын болады, өмірдің өзі сізді өзіне қарай құмарта, ынталандыра біледі.

Жақсы сезімге қол жеткізу үшін саналы түрде өз сезімдеріңізді басқарып үйренуіңіз керек және сіздің сезімдеріңіз жақсы сезімге айналғанша, шелектегі су лық толғаны секілді, қашан махаббатқа барып қосылғанша жақсы сөздер мен ойларға бекінуіңіз қажет. Мұны ерік-жігеріңізбен көбейткіңіз келсе, жақсылықтардан нәр алыңыз, өз бойыңызға сіңіріңіз, жақсыға ұмтылыңыз, талпыныңыз, ақыр аяғы СЕЗІНІҢІЗ! Сол кезде сіздің ойлағаныңыз дәл болады. Сіз мақсатыңызға қол жеткізе аласыз. Сіздің жақсы сезімдеріңіз көбейеді! Егер сіз әлдеқандай жұмыстармен айналысып жатқан болсаңыз, оған құлшыныспен кірісіңіз, ол істі жақсы көретініңізді терең сезініңіз. Сіз жұмысыңызды махаббатпен, қуанышпен атқарған сайын оның жақсы нәтижесін міндетті түрде көресіз. Жұмысқа деген құлшынысыңыз жоғары болса, оның нәтижесі де айтарлықтай жақсы. Бұл сізге жақсы сезім сыйлайды. Әрине, бұл тамаша сезім!

Осындай қуанышты сезімдер сізде көп болған сайын оны одан бетер еселендіре түсіре аласыз. Сіз күнделікті уақытыңыздың бірнеше минутын жақсы әсерде болуға жұмсап көріңізші. Сізге мына өмірде не қымбат, кім қымбат, не ұнамды, соны іштей ойлаңыз, сезініңіз. Бұл бәлкім, сіздің отбасыңыз, достарыңыз, үйіңіз, бақшадағы гүлдеріңіз болар. Олар туралы жақсы сезімде болыңыз. Бәлкім, жақсы ауа райы туралы ойларсыз, бәлкім жақсы жылдарыңыз, жақсы сағаттарыңыз, сәттеріңіз, минуттарыңыз, өзіңіздің жақсы көретін түсіңіз жөнінде ойлап көрерсіз. Қай жерде қалай ойласаңыз да, тоқтаусыз ойлаңыз. Өзіңізді қашан жақсы сезімде сезінгенше ойлаңыз! Жақсы сезімдерді көбейту бұл оңай! Оған біртіндеп келе аласыз және дағдыға да айналдырасыз. Адам баласы бұған икемделе алады.

Жүріп өткен жолдарыңызға үңіліп көріңіз

Өзіңіз жүріп өткен өмір жолдарыңызға бір сәт бұрылып қарайтын болсаңыз, ондағы оқиғаларды өздігінше талқылап таразылап өтсеңіз, сіз сол кезде қандай сезімдерді бастан кешкеніңізді, яғни кеңістікке қандай сезім таратқаныңызды бірден анықтай алған болар едіңіз. Иә, сол кезде сіз жақсы сезімді тараттыңыз, не болмаса жағымсыз сезімді тараттыңыз. Осы екеуінің бірі. Солай ғой. Сол шақтары ақша, қызмет, денсаулық, адамдар, жалпы өмір туралы көзқарасыңыз бен сезімдеріңіз қандай еді, сіз соны алдыңыз. Ол сіздің өмірдегі өзіңізді көре алатын айнаңыз.

Сіз ақша туралы ойландыңыз дейік. Ендеше ақшаны ойлағанда қандай сезімде боласыз? Сіздің ақшаға қатысты көзқарасыңыз қандай, демек сезіміңіз де сондай деген сөз. Егер ақшаны ойлай бастағанда, ақшаңыздың жетіспейтіндігі есіңізге түсіп, көңіл күйіңіз төмендесе, сіз міндетті түрде өзіңізге жағымсыз жағдайларды тудырасыз. Сіз одан бетер ақшаның аздығына ұшырайтын жайтты өзіңізге тартып жатсыз, неге десеңіз сіздің кеңістікке жіберген сезімдеріңіз бен толқындарыңыз (вибрацияларыңыз) сондай!

Енді жұмыс туралы ойларыңызға келейік. Тағы да сол кеңістікке байланысты. Егер сіздің жұмысқа, қызметіңізге, жалақыңызға, жалпы табысыңызға қатысты сезімдеріңіз қандай, жұмыс барысы да сондай. Марапат пен беделге, сыйластыққа, жетістікке жетіп жатсаңыз, онда сіз әлемге жақсы сезімдерді, жақсы көңіл-күйді жіберіп жатқандығыңыздың айқын көрінісі.

Сіздің өміріңіздегі барлық оқиғалардың, көріністердің барлығы кездейсоқтықтан болған емес. Оның барлығы өмірдің сізге деген ЖАУАБЫ. Өмір – сіздің тілегіңіз! Өміріңіздегі орын алған жайттардың бәрі сіздің тілегіңізден туындаған. Нақты айтқанда, сіз өз өміріңізді жасаушы адамсыз. Сіз өз романыңыздың авторысыз, сіз өз фильміңіздің режиссерісыз. Сіз қазір әлемге не беріп жатсыз, ол сіздің ертеңгі өміріңіз болып табылады.

Жақсы сезімдердің шет-шегі жоқ, ол таусылып қалады деп қорықпаңыз. Өмірде үлкен жетістіктердің ең асқар биігіне шығамын десеңіз де, сізге барлығы жеткілікті. Тек жағымдылықты сезіне білсеңіз болды. Сол кезде ғана қолжетімді болады. Алайда, жаман сезімдердің де шеті жоқ, оны ойлайтын болсаңыз, тереңіне сүңгітіп кете береді. Не болмаса жағымсыздықтар сіздің өміріңізде ұлғая түседі. Дегенмен, жағымсыздықтарды тоқтатуға болады. Мәселен, адам баласы өз басынан өтіп жатқан қиындықтарға берілмей, күресе бастайды. Қайтадан өзін қолға алудың жолын қарастырады, талпынады, алға ұмтылады. Өмірді жаңадан бастағысы келеді. Міне, осы сәттен бастап жақсы сезімдерді таңдауына болады.

Махаббат - өмірді басқаратын ең күшті құрал! Сіз туғалы бері осындай махаббатқа лайықтысыз. Махаббат сізге тек жақсы сезімдер арқылы ғана келе алады және келеді. Жағымсыздықтарды жақсылыққа қарай ауыстыруға болады.

Қандай сезімді таңдайсыз, ерік өзіңізде

Сіз ауру-сырқау болғаныңызды емес, деніңіздің сау болғанын қалайсыз, себебі денсаулықтың арқасында өмірдің мәнін сезінуге болады. Ақшаңыздың жеткілікті болғанын қалайсыз, себебі ақша сізге көптеген дүниелерді сатып алуға көмектеседі. Өзіңізге ұнайтын бұйымыңызды сатып аласыз, жақын адамыңызға сый жасап бергіңіз келеді, осыдан соң сіздің көңіл күйіңіз көтеріле жөнеледі. Сіз өзіңізге қымбатты адамдармен жақсы қарым-қатынаста болғаныңызды қалайсыз, себебі, өзіңізді жақсы сезінуге мүмкіндік бар. Және кикілжіңдерден қашасыз. Себебі, кімге де болсын жайсыздықтар керек емес. Барлық адамдар бақытты болғанды жақсы көреді, бақытты болғысы келеді. Кім саналы түрде бақытсыз болғысы келеді дейсіз? Ешкім!

Ал, бақытты болудың мүмкіндіктерін айттық. Өмірдің барлық қуанышы мен шаттығын, байлығы мен игіліктерін алғыңыз келсе, ақшаны, денсаулықты, бақытты сүйіңіз! Олар сізге баруға асық! Тек жақсы сезімдер арқылы ғана! Сонда ғана сіз армандаған дүниелер сіздікі бола алмақ!

Егер сіз өзіңізге: «Менің керемет үйім болса, мен бақытты болар едім», «мен жақсы жұмыс тапсам, өзімді бақытты сезінемін», «менің қызметім жоғарыласа, айлығым көтерілсе, мен бақытты бола аламын», «балаларым колледжі бітірсе, өзімді бақытты санаймын», «менде ақша көп болса, бизнесім өркендесе, бақытты боламын» дейтін болсаңыз, сіз ешуақытта бақытты бола алмайсыз және бақытты сезіне алмайсыз. Неге десеңіз, сіздің ойларыңыз, сіздің бақытты болуыңызға, бақытты сезінуіңізге кедергі келтіріп жатыр. Олар тартылыс заңына қарама-қарсы күйде тұр. Яғни, сіз бақытты тартып тұрған жоқсыз.

Сондықтан сіз алдымен бақытты сезіне білуіңіз керек, тамақтың дәмін, исін, түрін сезіне білетініңіз секілді, бақытты да солай сезіне алған жағдайда сіз әлем кеңістігіне БАҚЫТТЫ жіберіп жатқан болып шығасыз. Сонда ғана сіз жаратылыс заңы бойынша табиғаттан Бақытты сыйға аласыз. Бақытты болудың басқа амалы жоқ, бір сөзбен айтқанда нені бердіңіз, соны алдыңыз. Өмірден алу үшін әуелі беріңіз! Өмірге махабатты беріңіз, сол кезде өмір сізге махаббаттың күшін береді.

Жақсы сезімдеріңіз сіздің қалауларыңыздың орындалуына жол ашып тұрады, жақсы сезімдер оның қалай орындалатынын сездіртеді. Мүмкіндіктерді көрсетеді. Өзіңізді жақсы жағынан сезінсеңіз, өміріңіз де оңалады дегенді айтқымыз келеді. Ол үшін айналаңызға, қоршаған ортаға, өмірге, ғаламға жақсы сезімдеріңізді бере білгейсіз!

Ескеріңіз:

  • Өмірдің әрбір сәтінен сезінген сезімдеріңіз бәрінен маңызды. Себебі, ол сезімдер сіздің өміріңізді құрайды.
  • Ойларыңыз бен сөздеріңіз сіздің сезіміңіздің күші болып табылады.
  • Барлық жақсы сезімдер махаббат арқылы келеді. Ал, барлық жағымсыз сезімдер – жылылықтың болмағанынан туындайды.
  • Жақсы көретін нәрселеріңізді ойлау арқылы жақсы сезімдеріңізді күшейтіңіз, әрі көбейтіңіз. Оны жақсы көретініңізді, жүрегіңізге жақын жанды сүйетініңізді ойша да, ауызбен естіртіп де айтыңыз. Қашан затқа айналғанша үзбей айтыңыз. Қайталаңыз. Оған жақсы сезімдеріңізді арнаңыз және әуеге жіберіңіз. Өзіңізді толыққанды бақытты сезінгенге дейін осы іспен айналысыңыз.
  • Жақсы сезімдердің шет шегі жоқ, ол таусылып қалады деп қорықпаңыз. Өмірде үлкен жетістіктердің ең асқар биігіне шығамын десеңіз де, сізге барлығы жеткілікті. Тек жағымдылықты сезіне білсеңіз болды. Сол кезде ғана қолжетімді болады.
    • Тамақтың дәмін, иісін, түрін сезіне білетініңіз секілді, бақытты да солай сезіне алған жағдайда сіз әлем кеңістігіне БАҚЫТТЫ жіберіп жатқан болып шығасыз. Сонда ғана сіз жаратылыс заңы бойынша табиғаттан Бақытты сыйға аласыз. Бақытты болудың басқа амалы жоқ, бір сөзбен айтқанда нені бердіңіз, соны алдыңыз.

* Өмірдің барлық қуанышы мен шаттығын, байлығы мен игіліктерін алғыңыз келсе, ақшаны, денсаулықты, бақытты сүйіңіз! Олар сізге баруға асық! Тек жақсы сезімдер арқылы ғана! Сонда ғана сіз армандаған дүниелер сіздікі бола алмақ!


Ронда БЕРН

ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ...

Әрбір іс-қимылда тепе-теңдік заңдылығы бар, қандай іс әрекет жасайсыз, дәл сондай жауап аласыз.

Исаак Ньютон (164З-1727 жыл) математик және физик

Сіз әр сәт сайын өмірде әлденені берген сайын, өзіңізге қарай алудың да жолын қарастырып жатырмын деп ойлаңыз. Өйткені, өмірде қаншалықты күш жұмсадыңыз, қаншалықты бердіңіз, соншалықты аласыз. Барлық бергендеріңіз өзіңізге түгел қайтады. Бұл Жаратылыстағы физика және математика заңы.

Жағымды, яғни позитивті көп бердіңіз бе, жағымдылықты аласыз, ал жағымсыздықтар құрсауында болдыңыз ба, ендеше жағымсыздықтар қайтадан қоршайды. Сол себепті, сіздің өміріңіз шаттық пен қуанышқа толы бола алады, не болмаса әрекетіңізге қарай қайғы мұңға, сәтсіздіктерге толы болуы да мүмкін. Бірақ, сіз өмірге не беріп жатқаныңызды қалай білесіз? Жақсылық па, әлде жамандық па? Оны өз ойларыңыз бен сезімдеріңіз арқылы ғана біле аласыз!

Кез келген уақытта сіз жақсы да, жаман да ой ойлауыңыз мүмкін. Сіз өзіңізді не жақсы, не нашар сезінуіңіз де бек мүмкін. Осының барлығы тікелей сіздің өз ойларыңызбен байланысты. Сізге айналып қайтып келетін де осылар. Айналаңыздағы адамдар, өміріңіздегі жаңалықтар мен жағдайдар, оқиғалар, әрбір күніңіз... сіздің ойларыңыз бен сезімдеріңіздің жемісі. Сол ойларыңыз арқылы сізге тартылған күштер. Сіздің өміріңізден орын алған нәрселердің барлығы кездейсоқтықтан немесе әншейін бола салған жайттар емес. Олардың барлығы да әлем кеңістігіне өзіңіз жолдаған, жіберген ақпараттар. Демек, не бердіңіз, соны алдыңыз.

Мәселен, жаңа үйге қоныс аударған досыңызға қолғабыс етіп, оның көшіп келуіне көмектестіңіз бе, ендеше осы қолдауыңыз сізге тез арада жақсылық болып оралады. Ал, уәдесінде тұрмаған танысыңызға жата кеп ашуландыңыз дейік, бұл ызаңыз да көп кешікпей өзіңізге қайтып келеді. Яғни, бұл күштер сізді адаспай таба алады.

Қысқасы, сіз өзіңздің ойларыңыз бен сезімдеріңіз арқылы өміріңізді қалыптастыра аласыз. Егер сіз таңертең төсегіңізден тұрып: «Бүгін маған қиын болатын шығар, өйткені жұмыстар көбейіп кетті, оның үстіне мазам қашып тұр» дейтін болсаңыз, күні бойы осындай ойдағы адамдармен және шаршаған, ашулы, ызақор жандармен кездесіп қала беретін боласыз. Солар сіздің көңіл күйіңізді түсіріп, бірде ұрысып, бірде керілдесіп, әйтеуір расында сол күніңіз өзінен-өзі қиын болып шыға келеді.

Егер сіз өзіңізге «Өмір тамаша! Менің жолым болғыш!» деген сөзі айта білген болсаңыз, расында бұл энергия сіздікі. Бағытыңыз сәттілік жаққа қарай өзгереді.

Сіз - магнитсіз

Иә, сіздің магнит десек болады, ғаламға қандай күш жібердіңіз, соны қайтадан тартып аласыз дедік емес пе? Яғни, тартылыс заңы. Егер сіздің ақша туралы ойларыңыз жаман болса, дереу оны ұмытуға тырысыңыз. Мысалы, «ақша қолдың кірі», «байлық бақыт әкелмейді, бүгін бар, ертең жоқ» деген пиғылда болсаңыз, расында ақшаға қатысты мәселелерде үнемі дау-дамайға ұшырап, ақшаны жоғалтып алуға, бей берекет жұмсауға қалай бейім болғаныңызды өзіңізде аңғармай қалатын боласыз. Олай болса, ақша бақыт әкеледі дегенді жиірек қолданыңыз, сонда ғана молшылыққа, берекеге, жақын жуықтарыңызға жәрдемдесуге мүмкіндік аласыз.

Тау жаңғырығын есіңізге түсіріп көріңіз, сіз қандай сөзді айтасыз, ол сіздің сөзіңізді айна қатесіз қайталайды, сіздің сөздеріңіз бен дыбысыңыз жаңғырып өзіңізге оралады. Тартылыс заңын осылай деп түсініңіз. Егер сіз ол проблемалардан құтылғыңыз келсе, мүлде ауызға алмаңыз, оны ойыңыздан түп тамырымен шығарып тастаңыз. Ол жаңғырмайды, қайталана алмайды. Егер әлгі проблеманы тағы да қозғап айтатын болсаңыз, ол сізді қайта табады, сізбен бірге болады. Тағы да қайталанады, сол сөздер, сол оқиғалар, сол жайттар... Өміріңізді өзгерткіңіз келсе, жағымды ойларды ойлаңыз! Жақсылықты сезініңіз! Сіздің өміріңіз жақсы жағынан міндетті түрде өзгереді!

Қандай ойдасыз?

Сіздің ойларыңыз сыртқа сөз арқылы шығады. Сөздер арқылы адамның қандай ойда екенін аңғаруға болады. Сіз қандай да бір затты қалап, оны алғыңыз келсе, мысалы: «Мына бәтіңке маған ұнап тұр, қандай әдемі!» десеңіз, ойларыңыз жағымды болғаны. Сіз әлгі аяқ киімді өзіңізге тарттыңыз, жағымды ойларыңыз сізге су жаңа бәтіңке болып оралады. Ал, егер: «Мына бәтіңкені қарашы, бағасы удай, не деген қымбат!» дейтін болсаңыз, сіздің ойларыңыз жағымсыздықты білдіреді. Бұл ой да сізге қайтып келеді, бұл бәтіңкені сатып алуға қалтаңыздың көтермейтіні әрдайым есіңізге түсіп, ақыры бұйым сіздің алақаныңызға түспейді.

Көбінесе адамдар өзінің жақсы көретіндерін, ұнататындарын айтпайды, керісінше ұнамайтындарын, жақтырмайтындарын айтумен болады. Солай ғалам кеңістігіне ақпарат тарату арқылы өзіне қайтадан дәл сондай жағымсыздықтарды қайтарып алады. Өзін-өзі осылай барша әлемнің қызықтарынан, игіліктері мен молшылықтарынан құр қалдырады.

Өмірде махаббатсыз ашық жарқын, тоқшылықпен, толыққанды ғұмыр кешу мүмкін емес. Махаббатпен өмір сүріп жатқан адамдар ылғи өзіне ұнамды нәрселерді айтатын және соған қол жеткізетін жандар , ал кімнің өмірі күреспен, жетіспеушілікпен, ашынумен өтіп жатқан болса, ол адам үнемі жайсыздықтар туралы ойлап, қаламайтын нәрселерін айтатын болғаны.

Жақсы көретініңізді айта біліңіз

Сіз қазіргі сәтте ақшаңыздың жетпей жатқанын, ауырып жүргеніңізді, жақын адамыңызбен араңыздың дұрыс болмай жүргенін, тіпті бизнесіңіздің күннен-күнге құлдырап, құрып бара жатқанын айтатын болсаңыз, сіз өзіңізге қажеттіні айтып жатқан жоқсыз. Керісінше, еш қажетсіздерін теріп айтып жатсыз. Бұл өз кезегінде залалын тигізетінін ескерттік. Теледидардағы жаңалықтардың арасынан сізде қандай да бір жағымсыз ақпараттарын қайталап айтатын болсаңыз, мәселен, бір қаланың немесе бір адамдардың апатқа тап болғанын, тағы басқаларын... онда сіз тағы да өзіңіз жаныңыз қаламайтын ақпараттарды көбейтіп жатсыз, өзіңізге тағы да жағымсыздықтарды тартып отырсыз. Сондай-ақ, бүгін жұмысқа кешігіп барғаныңызды, жұмысыңыздың ауыр болғанын, автобус кептелісінде ұзақ тұрғаныңызды, әлдекіммен дөрекіленіп сөзге келіп қалғаныңызды әңгімелеп айтатын болсаңыз, кешіріңіз тағы да мазасыздықтар жөнінде әңгімелеп отырсыз. Сіз келесі күні тағы да мазасыз күй кешесіз деген сөз. Егер сіз осылай күнделікті жағымсыздықтарды айтуды әдетке айналдырған болсаңыз, өміріңіз ауыртпашылықтар мен қиындықтарға жалғасып кете бермек.

Сондықтан, сізге күнде жақсы жаңалықтарды, жағымсыз нәрселерді, жақсы ойларды айтуды әдетке айналдыру керек. Кішкентай нәрседен шын қуана біліңіз. Ол ұлғайып өзіңізге қайтады. Бүгін қандай сәттіліктер болды сіз үшін? Жұмысқа дер кезінде барғаныңызды, дер кезінде автобусқа мініп үлгергеніңізді, кездесуге барған адамыңызбен мәселені оңтайлы шешкеніңізді айтыңыз. Тапсырманы уақытылы бітіргеніңізге қуаныңыз. Денсаулығыңыздың жақсы екенін, өзіңізді бүгін көңілді сезініп тұрғаныңызды, сергек екеніңізді айтыңыз. Қаншалықты табысқа, жалпы сізге қанша ақша керек екенін айтыңыз! Бизнесте үлкен жетістікке жеткіңіз келетінін міндетті түрде дауыстап айтыңыз! Жақсы жаңалықтарды күтіңіз, естуге және қабылдауға дайын тұрыңыз, естіген сәтте қуаныңыз! Әрі қарай жалғастырыңыз. Жақсылықтар туралы ойлаңыз!

Бала кезіңізде ата-анаңыз осындай кеңестер айтты ма сізге, сіз осыған дейін қандай ақпараттарды айтуға дағдыланғансыз? Егер ата-анаңыз айтпаған болса, сіз айтыңыз, сіз айтуды әдетке айналдырыңыз, сіз балаларыңызға айтыңыз! Тордағы тотықұсты білесіз бе? Тордағы құстың халі қандай? Тар жерде тығылып, бір сөзді қақылдап айтып тұрғаннан басқа не көре алады? Сол секілді, өзіңізді тар қапасқа қамағыңыз келмесе, жағымсыз бір сөзді қайталай беретін тотықұс сынды болғыңыз келмесе, дереу торды бұзып шығыңыз. Ол сіздің қолыңыздан келеді. Еркін зәулім көкке самғап ұшыңыз, қалықтаңыз, өмірден қалағаныңызды алыңыз! Сізді еркін, әрі биікке самғататын берік күш бар, ол махаббат күші! Тек махаббатты таңдай біліңіз, жүрегіңізбен қалай біліңіз!

Ронда Берн