«Жас құтқарушылар» жарысында жеңімпаз атанды
2022 ж. 4 шілде

Оқушылардың өз қызығушылықтары бойынша қосымша үйірмелерге қатысуы құптарлық жайт. Бұл өз кезегінде оқушылардың білімімен қатар білігін де шыңдап, өзі қызығатын салада оң нәтижеге қол жеткізуіне мол мүмкіндік туғызары сөзсіз. Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі “Жас туристер станциясы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі оқушылардыүйірмелерде сан түрлі өнерге баулып, қанатын қатайтып келеді. Соның арқасында шәкірттер аудандық, облыстық бәйгелерде қанжығалары майланып, топ жарып жүр. Жуырда «Жас туристер станциясы» мекемесінің қосымша білім беру педагогтері жетекшілігімен дайындық жасаған оқушылар облысаралық іріктеу жарысында жеңімпаз атанған болатын. Ұстаздарының мерейін асырған оқушылар — Қазақстан Республикасы Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдулин атындағы Азаматтық қорғау академиясында өткен жарыста Түркістан облысының намысын қорғады. Еліміз бойынша 17 команда бақ сынаған жарыс өте тартысты өтті. Мықты дайындықтан өткен кіл күштілер қатысқан жарыста оза шауып бәйге алу оңайға соққан жоқ. «Түркістан» командасы «Өрт эстафетасынан» және «Визит карточкадан» жақсы дайындық білдіріп, «Жауынгерлік қанат жаю эстафетасынан» үздік шықты. Барлық қойылған талаптарды жоғары деңгейде орындап шыққан команда қара үзіп, алдыға озды. Осылайша рекордтық нәтиже көрсетті. Аталмыш шараҚазақстан республикасыныңТөтенше жағдайлар Министрлігінің ұйымдастыруымен өткен болатын. «Жас құтқарушы» Республикалық слетінде 17 команда бақ сынаған жарыста - "Суда құтқару жұмыстары", "Жауынгерлік қанат жаю", "Өрт эстафетасы", "Визит карта" және "Медициналық көмек" номинациялары бойынша - “Үздік рекордтық” нәтижелерімен Төлеби ауданының “Жас туристер станциясы” КММ-нің үйірмешілері І-орын иеленіп, Төлеби ауданы мен Түркістан облысының мерейі мен мәртебесін асқақтатты. Жеңіс туын желбіреткен жетекшілер мен үйірме қатысушылары осылайша облыс мерейін аспандатты. Болашақ жас құтқарушылар алдағы уақытта да еліміздің абыройын аспандатар азамат болатынына сенім кәміл.