Жарқын елдің шамшырағы –жас маман
2022 ж. 30 маусым

Қазіргі таңда мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім мен саналы тәрбие алған шәкіртінде. Сапалы білім педагогтің күнделікті сабағының дұрыс жоспарлануына, қолданған әдістерінің тиімді қолданылуына тікелей байланысты. Кәсіби деңгейі жоғары, педагогикалық дәстүрлі әдістер мен жаңа технологияларды жақсы білетін, оларды өз сабақтарында тиімді пайдалана алатын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімін үздіксіз толықтырып, шыңдап, шығармашылықпен жұмыс жасайтын жас мамандарды ұстаздық жолға тәрбиелеу-алдыңғы толқын шығармашыл ұстаздардар мен әдіскерлердің еншісінде.
Осы бағытта Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр жалпы орта мектебінің базасында “Жас мамандардың педагогикалық кәсіби шеберлігін арттыру: әдістер мен үдерістер”тақырыбында аудандық әдістемелік көмек семинары ұйымдастырылды.Семинарға аудандағы 43 жас мамандар, білікті тәжірибесі мол тәлімгерлер, оқу орынбасарлары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
№7 ІТ мектеп-лицейінің оқу орынбасары Айдарбекова Гүлдана «Ашық сабақтар ағыны» жобасы аясында мұғалімдердің құзіреттілігін арттыру» тақырыбындағы жобасымен бөліссе, Балдыберек жалпы орта мектебінің оқу орынбасары Нұрахов Жомарт «Оқу жетістіктерін тиімді бағалау- сапалы білім негізі» тақырыбында коучинг өткізіп, жас мамандармен бірлесе жұмыс жүргізді. Бірінші мамыр жалпы орта мектебінің оқу орынбасары Арзымбетова Жанар «Жас мамандарға тәлімгерлік көмек - білім сапасын арттырудың кепілі» тақырыбында таныстырылым жасап, өз мектептеріндегі жас мамандардың жұмыс барысы мен жетістіктеріне тоқталды.Осы мектептің жас маманы М.Смагулова мен білікті ,шығармашыл ұстаз Ғ. Қыдырбаева «Білім сапасын арттыруда бағалаудың тиімді тәсілдері»тақырыбында қатысушы жас мамандармен шебер- сынып өткізді.
Бүгінгі жас маман, ертеңгі ұлағатты ұстаз! Семинардан алған әсерлерін кері байланыс арқылы берген әр ұстаз өмірдегі ең жақсы, ең адал, ең жауапты, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мaмaндықтың иесі екендіктерін терең сезінді.Алдағы уақытта да жарқын елдің нағыз шамшырағы жас мамандарды әдістемелік қолдау жұмыстары жалғасын табады.