Өзара тәжірибе алмасты
2022 ж. 30 маусым

Оқу – тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып өз бетімен ізденуге шығармашылық еңбек етуге жол салады. Пәндерді оқытуда тиімді әдіс – тәсілдерді пайдалана отырып, сабақты қызғылықты да тартымды өткізу мұғалімнің шеберлігіне байланысты екені баршамызға мәлім. Ол үшін түрлі ашық сабақтар өткізіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру да мұғалімнің шеберлігінің көрінісі болса керек. Бүгінгідей әлемдік деңгейдегі оқу үдерістеріне ілескен кезеңде ауадай қажет жаңару оқытушының аса ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Қабылдау дәрежесі әртүрлі әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеру әрбір мұғалімге міндетті. Өйткені әрдайым жаңашылдықты, ізденімпаздықты талап ететін білім саласы ескі соқпақты көтермейді. Мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді. Осы орайда Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында білім сапасын жақсарту үшін түрлі деңгейдегі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жуырда Қазығұрт жалпы орта білім беретін мектебінде «Оқыту мен оқу үдерісін жақсартудағы критериалды бағалаудың тиімділігі» тақырыбында физика және математика пәндерінің мұғалімдерімен тәжірибелі семинар өткізілді. Семинардың мақсаты: оқыту мен оқу үдерісін жақсартудағы қалыптастырушы бағалаудың тиімді жолдарын көрсетіп өзара тәжірибе алмасу. Семинар барысында Қазығұрт жалпы орта мектебінің мұғалімдері Г. Пулатова 8-сыныпта «Квадрат теңсіздіктерді шешу» , А. Назарова 7-сыныпта «Шеңбер және дөңгелек» тақырыбында ашық сабақтар өтіп, сабақ барысында критериалды бағалауды жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, Қазығұрт жалпы орта мектебінің директоры Г. Курбанова критериалды бағалаудың білім сапасын арттырудағы ролін көрсету мақсатында «Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі» тақырыбында шебер-сынып өткізді. Ұйымшыл шағын жинақты жалпы орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Ә. Ыстыбаева пән мұғалімдерімен «Критериалды бағалау – сапалы білім негізі» тақырыбында шебер-сынып өткізді. Мұғалімдер семинардан алған әсерлерін және өз ойларын ортаға салды. Кері байланыс жасап өзара тәжірибе алмасты. Мұғалімдердің тәжірибесі мен біліктілігін арттыратын мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.