«Сымбат» қыздар кеңесінің жиналысы болып өтті
2022 ж. 16 шілде

Қоғамдық тәрбие отбасыдан басталады. Үйде балаларына жақсы тәрбие берген ата ананың да алары тек алғыс болмақ. Отбасында алған тәрбие рухани байлықпен қалыптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектептің проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет. «Бала - басты байлығымыз» Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Дала академиктері сонай ықылым заманнан бері қыз тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Қызды үкілеп, төрге отырғызып күткен. Яғни қыз тәрбиелеу деген сөз ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту болмақ. Қыз бала дәл осы уақытта білуге, үйренуге құштар келеді. Бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбиеге қатты мән беру қажет. Дәл осы кезеңде қыз баланың түп тәрбиедегі іргетасы қаланады. Баладай пәк көңілді қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, ибалылық, имандылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру дәл осы кезде керек-ақ. Осылайша тәрбиенің тұнығынан қанып ішкен қыз баласы болашақта жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан табылатын болады. Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз. Осы мақсатта бүгінде мектепшілік, колледжаралық қыздар жиналысын өткізуге көп көңіл бөлінуде. Түркістан облысына қарасты Мақтаарал аграрлық колледжінде «Сымбат» қыздар кеңесінің жиналысы болып өтті. Жиналыста 2021-2022 оқу жылында атқарылған қыздар кеңесінің жылдық жұмыс есебі тыңдалып, келесі 2022-2023 оқу жылында атқарылатын қыздар кеңесінің жылдық жұмыс жоспары талқыланды. Ұстаз апайлар биылғы жылғы атқарылған жұмыстарға бағаларын беріп, қыздарымызға ақ тілектерін айтты. Сонымен бірге, қыздар кеңесінде жыл ішінде белсенді қатысқан оқушыларды шабыттандыру мақсатында ақшалай сыйлықтар берілді.