Сапалы білім – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі
2022 ж. 19 маусым

Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Білім – қоғамды әлеуметтік-мәдени, ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Осы құндылықты құнды ету үшін ұстаздар қауымы оқушыларына сапалы білім нәрімен сусындату үшін барын салуда. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамы алға апаратын күш -тек сапалы білімде ғана. Сапалы білім – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат – жан-жақты дамыған, білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой- талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл тарапта шағын жинақты мектептер де басты назарда тұр. Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы Абай жалпы орта мектеп базасында арнайы жиын өтті. Оған 15 шағын жинақты мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатының директоры Ғалымжан Зулпыхарұлы бастаған шығармашылық топ құрамымен «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жою және кедергілерді еңсеру» мақсатында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, тиімді тұстары мен қажеттіліктері туралы жан-жақты талқыланды.
Аталған шараның барысында шағын жинақты мектептегі оқушылардың білім сапасын дамыту өзекті мәселеге айналғандығы тілге тиек етіліп, әдістемелік сүйемелдеу мақсатында бірлесіп түзілген іс-қимыл жоспары жүйеленіп, жаңа оқу жылында нақты әрекетке көшу көзделуде.
«Ұлым саған айтайын өсиеті дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым»-демекші, аталған бастаманың оң өзгерістерге жол сілтейтіндігіне нық сеніммен, білім ұйымдарындағы педагог мамандардың жұмыстары оңынан болатынына сенім мол.