Сайыс жеңімпаздарын марапаттады
2022 ж. 19 маусым

Білім сапасы түрлі байқауларда жеткен жетістіктермен де өлшенсе керек. Бұл тарапта Мақтаарал ауданының оқушылары жоғары деңгейден көрініп жүр. Облыстық, республикалық түрлі байқауларда аудан мектептерінің оқушылары жоғары орын алуымен ұстаздарын қуантып жүр. Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Серікбаев Мұратбек Төлепұлы Төле би ауданындағы «Тау самалы - Балдаурен» сауықтыру орталығында Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының «Балалар жылы» аясында ұйымдастырған КазРобоСпорт-22» облыстық байқауының және Түркістан қаласындағы Назарбаев интелектуалды мектептерінің ұйымдастыруымен өткен «World Robot Olympiad – 2022» сайыстарының жеңімпаздарын марапаттады.
Аталған байқауларда Мақтаарал ауданының намысын қорғаған №5 мектеп - гимназиясынан құралған командалар жүлделі I, II және III орындарға ие болды. Осы орайда бөлім басшысы М.Серікбаев осы жылдың 29-30 маусым аралығында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алған жеңімпаз оқушыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да жеңіспен оралатындарына үлкен сенім білдірді.