Өрлеуде пәндік курстар басталады
2022 ж. 17 шілде

EdCrunch Academy-мен бірлесіп өткізілген пәндік құзыреттер шеңберінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша Өрлеу оқытушыларының тәжірибе арқылы оқуы аяқталды. Филиал оқытушылары бағдарламалар мен ОӘК құру қағидаттарын зерттеді, сонымен қатар өздерінің авторлық бағдарламаларын жасады.
Жаңартылған мазмұнды енгізу Қазақстан мұғалімдерінің кәсіби даму барысына әсер етті: соңғы уақытқа дейін біліктілікті арттыру курстарының басым бөлігі әдістемелік сипатқа ие болған еді. Соңғы жылдардағы ҰБТ нәтижелерін талдау мұғалімдердің көпшілігінде пәндік білім беруде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетті.
ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Өрлеу ҰБТ мәліметтеріне сапалы талдау жүргізді және пәнді оқытудағы қиын тақырыптардың тізбесін жасады. Ол үшін мұғалімдермен фокус-топтар өткізілді, оқытушылардың бағалауы арқылы нақтыланды. Осылайша, терең зерттеуді қажет ететін тақырыптар анықталды. Аталмыш оқуға «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша филиалының 70 оқытушысы қатысты. Әзірлеу барысында 4С - төрт компонентті оқыту моделі пайдаланылды. Әзірлеушілер кері дизайн принципі арқылы білім беру бағдарламаларын әзірлеу әдістемесімен танысты, тестология негіздерін игерді, мақсаттар, міндеттер, күтілетін нәтижелер корреляциясын құрастырды, оқыту нәтижелері негізінде практикалық және бағалау тапсырмаларын жобалауды үйренді.
Математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ және орыс, ағылшын тілдері, тарих және бастауыш сыныптары – барлығы 12 пән бойынша тестілік форматта 44 білім беру бағдарламасы әзірленді. Олардың 30-ы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Сараптамалық Кеңесімен келісілді. Жаңа бағдарламаларды дайындау барысында заманауи зерттеу тәсілдері қолданылды. Енгізіліп жатқан бағдарламалардың барлығы педагогтердің сұраныстарына толық сәйкес келеді.
Пән бойынша білім беруге дайындық үдерісі қолға алынды. Пәндік құзыреттілікті дамыту бойынша курстар тамыз айында басталады, 40 000-нан астам педагогті оқыту жоспарланып отыр.