«Өрлеу» мен US Embassy бірлесіп, инклюзия бойынша курстарды жүзеге асырады

2022 ж. 17 шілде

«Өрлеу» мен US Embassy бірлесіп, инклюзия бойынша курстарды жүзеге асырады

«Өрлеу» АҚШ Елшілігіндегі Ағылшын тілі бағдарламаларының Өңірлік кеңсесімен бірлесе отырып Өрлеу оқытушылары мен инклюзия бойынша маманданған ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған тегін онлайн оқыту өткізеді. Курстың ашылу салтанаты өтті. АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығының ағылшын тілі пәні жөніндегі үйлестірушісі Айгүл Тайтелиева, АҚШ-тың Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас консулдығының Орталық Азия елдері бойынша өңірлік маманы Джон Сильвер, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Чад Киннер құттықтау сөз сөйледі. Өрлеу атынан Нұрсұлу Сүлейменова жобаға қатысушыларды оқудың басталуымен құттықтап, американдық әріптестеріне ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

Курс оқытушысы – Колорадо университетінің профессоры және Арнайы білім беру бағдарламасының үйлестірушісі, инновациялық инклюзивті технологияларды зерттейтін және дамытатын Мүгедектік және технологиялар мәселелері бойынша ұлттық ынтымақтастық жобасының директоры Скотт Купферман. Курс тыңдаушыларының тізімі барлық өңірлердің Білім басқармаларымен бірлесіп жасалды. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты филиалынан да көптеген мұғалімдер аталған курста білімдерін жетілдіретін болады.

Сәуірде Өңірлік кеңсе Өрлеудің қатысуымен авторлық бағдарламаны әзірлеуге кіріскен болатын. Бағдарлама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Сараптама кеңесімен келісілді. Курс ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытуда арнайы білім беру ұйымдарының ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттерін дамытуға арналған. Оқыту 31 тамызға дейін жалғасады.