Ресурстық орталықтар құру ұсынылды
2022 ж. 4 шілде

Бүгінде еңбек нарығында орта кәсіптік білім алғандардың бағы жанып тұр. Колледж бітіргендер сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұр. Расында дипломды сандықтың «тұтқынына» тастамай оқу бітірісімен-ақ жұмысқа тұру колледж түлектерінің басты көзірі деуге болады. Өйткені бүгінде коллледж бітіргендердің екі қолға бір күрек таппай жүргендері кемде кем. Күні кеше Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өңірдегі мемлекеттік колледж директорларымен келелі жиын өткізді. Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім саласының өзекті мәселелері бойынша жүргізілген талдауларға тоқтала отырып, саланы дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Оның ішінде колледждердің бизнеспен әріптестігін дамыту, білім сапасын жоғарылату үшін педагогтардың біліктілігі мен кәсіби дағдысын жоғарылату жолдары, кішігірім кәсіпорындар құру арқылы қосымша табыс табу, колледждердің ұйымдық-құқықтық нысанын ауыстыру, өңірдің еңбек нарығына сәйкес жаңа мамандықтарды ашу, колледждерді бейіндендіру мәселелерін орындау туралы тапсырмалар берілді. Әсіресекішігірім кәсіпорындар құру арқылы қосымша табыс табу мәселесіне кеңрек тоқталды. Бүгінде Түркістан облысындағы колледждерде кішігірім жылыжай, көлік жөндеуді үйрететін цехтар жұмыс істеуде. Мұнад студенттер тәжірибе жинап, оқығандарын іс жүзіне асырып көреді. Яғни, тәжірибесі толығады. Пайдасы мол мұндай жобаларға алдағы уақытта көбірек қолдау көрсету мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасының тиімділігін дәлелдеу үшін жобаны іске асыратын 9 колледж базасында құзыреттіліктер бойынша ресурстық орталықтар құру ұсынылды. Кездесу соңында колледж директорларының ұсыныстары тыңдалып, шешу жолдары қарастырылды.