Орталықтың насихат тобы тіл тазалығын сақтау үшін арнайы акция өткізді

2022 ж. 7 шілде

Орталықтың насихат тобы тіл тазалығын сақтау үшін арнайы акция өткізді

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданына бара қалсаңыз қате жазылған жарнама мәтіндерін, дүкен атауларын сирек көресіз. Өйткені аудандық "Тілдерді оқыту және дамыту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қате жарнама мәтіндеріне қарсы 1 «майдан» ашқан. Яғни, орталық мамандары аудандағы дүкен, коммерциялық нысандардың барлығын да ұдайы бақылауда ұстайды. Яғни, дүкен атауларында, жарнама мәтіндерінде кеткен қателерді дер кезінде ескертіп, дұрысталуына жол көрсетеді. Тіпті дәмханалардағы мәзір мәтіндерін де жіті сүзгіден өткізіп отырады. Мемлекеттік тілге деген жанашырлықты кейде кездейсоқ қонақтар да ескерту жасап, айтып отырады. Тілге деген қамқорлық осындай елеусіз ғана жәйттердің өзінен бастау алмақ. Ол үшін сіз боп, біз боп, яғни қоғамбоп ұйысып, атсалысуымыз қажет.

Жуырда ғана Сарыағаш аудандық "Тілдерді оқыту және дамыту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің насихат тобы аудандағы көшелердің көрнекті жерлерінде, ғимараттарда, мекемелерде жазылған атаулардың, жарнамалардың қазақ тілінде дұрыс жазылуын сараптау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 2022 жылдың 28 маусым күні «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» атты тақырыпта аудандық акция өткізді. Бұл атаулы акцияның алғаш өткізілуі емес. Бұған дейін де орталық мамандары осы атаумен бірнеше рет өткізген болатын. Акция барысында атауы жазылған көше аншлагтарының, көрнекі ақпарат мәтіндерінің, дәмханалардағы ас мәзірінің, коммерциялық нысандарының атаулары «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарға сәйкес дұрыс жазылуына және эстетикалық безендірілуіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тек мұнымен ғана шектелмей, оның ішінде ағарған, тозған, тыныс белгілері дұрыс қойылмаған, қате жазылған мәтіндерді реттеу керектігі туралы ескертулер берілді. Ескертуді елемегендер әзірге жоқ. Бұған дейінгі акция барысында ескерту алғандар жарнама мәтіндерін дұрыстап, ескертуден қорытынды шығарған. Орталық мамандары ауданымыздың гүлденіп, тіліміздің тазалығын сақтай отырып сауатты жарнамалар мен көшелеріміздің көрнекті жерлеріндегі ғимараттар мен мекемелердегі жазылған атаулардың дұрыс жазылуына белсенділік танытуға шақырып отыр. Оған тілге, елге деген құрметі ерек аудан тұрғындары бей-жәй қарамасы анық.