Оқушылардың ата-аналарымен жиналыс өтті
2022 ж. 17 шілде

Сыбайлас жемқорлық - заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Алайда бұған қарсы ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар да жоқ емес. Жемқорлықсыз қоғам құруды қаласақ келер буынның жемқорлыққа деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруымыз қажет. Осы тұрғыда Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Майбұлақ жалпы білім беретін орта мектебінде "Сыбайлас жемқорлық - қоғамның өзекті мәселесі" тақырыбында жоғарғы сынып оқушыларымен тәрбие сағаттары өтіліп, тарих пәнінің оқытушысы Омашев Фараби ағайдың сыбайлас жемқорлық және онымен күрес жайында дайындаған баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар, оқушыларымыздың ата-аналарымен жиналыс өтіліп, сыбайлас жемқорлық және онымен күресу жолдарымен таныстырылым болып, түрлі ұсыныстар тыңдалды. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.