Оқушылар жазғы демалысын тиімді пайдалануда

2022 ж. 6 шілде

Оқушылар жазғы демалысын тиімді пайдалануда

Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы мен іспен айналысуын ұйымдастыру мәселесі бүгінгі таңда анағұрлым өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі болып отыр. Балаларды сауықтыру демалысын, жасөспірімдердің жазғы еңбек тоқсанында іспен айналысуы жүйесін дамыту өскелең ұрпақтың денсаулығын анағұрлым жақсартуға және көптеген проблемалардан құтылуға мүмкіндік береді. Жаз айлары- мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Бастауыш және орта буын сыныптарының балалары үшін бұл уақыт тән – тұрпаттың табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңитін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ұстаз-тәрбиешілерге оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні зор. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызыметін тынықтыратын, қарым-қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу – шындалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.

Жасөспірімдердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында бекітіліп өткізілетін бұқаралық спорттық іс шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2022 жыл елімізде «Балалар жылы» деп жариялануына орай Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының «Жастар» саябағында Кентау спорт клубының ұйымдастыруымен үстел теннисінен қалалық турнир болып өтті.

Жарысты өткізудегі мақсат: Жасөспірімдерді жаман жолға түсуінің алдын-алу және салауатты өмір салтын насихаттау, спортпен шұғылдануға деген қызығушылықтарын арттыру.