«Оқуға құштар мектеп» жобасы сәтті жалғасын табуда

2022 ж. 14 шілде

«Оқуға құштар мектеп» жобасы сәтті жалғасын табуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 21 қазандағы ІV Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасы бойынша «Кітап оқуға құштар мектеп» жобасы еліміздің барлық мектептерінде кеңінен жүзеге асырыла бастады. Ол әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Жобаны іске асыру Оқу ағарту министрлігіне тапсырылғанымен, оның нәтижесін көретін жас ұрпақ.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге асты. Еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енгізілді.

Жалпы, жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту, классик жазушылардың кітабын насихаттау. Оқу мәртебесін, оқу сауаттылығын және оқу сапасын арттыру, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, отбасылық кітап оқу дәстүрін арттыру. Себебі, оқу сауаттылығы қай кезде болмасын өзекті болған. Оқу мәдениеті – өзін өзі жетілдіру және өзін өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастырады. Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттыра түседі. Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз.

Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды. Оқу – ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі. Адамды тәрбиелеп, рухани байытады. Кітап оқуға бала кезден баулу керек. Адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан пайда болады. Аталған жобаның арқалаған міндеті де өте осы. Өскелең ұрпаққа адамның ой-өрісін дамытуға, талғам қалыптастыруға, рухани байлықтың көзі кітап екенін түсіндіру. Оқушылардың оқырмандық мәдени тәрбиесін, көркем әдебиетке, кітапқа деген қызығушылығын дамыту. Интерактивті әдістемелерді қолдану. Электронды кітаптарды оқуға баулу. Аудиокітаптардың тізімін беру, қолдана білу. BookCrossing яғни кітап алмасу қозғалысын дамыту. Аталған жобаның Түркістан облысында қалай жүзеге асырылып жатқанын жуырда облысқа іссапармен келген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов те біразын көзбен көріп, тексеріп, жобаны жүзеге асырып отырған кейбір мектептерге алғысын білдірді. Алдағы уақытта Түркістан облысының білім беру ұйымдары «Оқуға құштар мектеп» жобасын кеңінен жалғастыра түсері сөзсіз.