Нотариустармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді

2022 ж. 23 маусым

Нотариустармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Бұлай деп, Ата Заңда да, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңында да көрсетілген. Осы Заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады.

Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: - Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға; - Қазақтан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.

Сонымен қатар «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттерінің бірі тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты беруге міндетті. Аталған бап қызмет көрсету кезінде міндетті түрде мемлекеттік тілді қолдану керек екендігін көрсетеді. «Нотариат туралы» Заңның 5-бабына сәйкес нотариаттық іс Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңдарына сәйкес жүргізіледі. Жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмілелері қажет болған жағдайда басқа тілдердегі аудармасы қоса беріліп, мемлекеттік және орыс тілінде жазылады. Бұл басқа қызмет көрсетуші мекемелердей, нотариустар да нотариаттық қызметтерді көрсету барысында мемлекеттік тілді қолдануға міндетті және басымдықты барынша мемлекеттік тілге беруі тиіс деген сөз. Түркістан облысына қарасты Төлеби аудандық тілдер орталығының мамандары осы заң талаптары жөнінде және оларды тиісінше орындамау Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылалықтар туралы» Кодексінің 75-бабымен қарастырылған жауапкершілікке тартуға соқтыратыны туралы түсіндіріп, ауданның нотарустарының басым бөлігімен жеке-дара кездесті. Айта кетейік, «E.notary» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесіндегі ашық дереккөздегі мәлімет бойынша Төлеби ауданында жалпы 10 жеке нотариус қызмет көрсетеді. Оның тоғызы аудан орталығы Ленгер қаласында болса, біреуі Көксәйек ауылында орналасқан.