Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қоғам болып күш салынуда
2022 ж. 23 маусым

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қоғам болып күш салынуда. Тіпті тілдің мерейін өсіруге қоғамдық орындардағы жарнама тілін түзеудің де оң әсері бар. Ол үшін Қазақстан Республикасында Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, өзара тәжірибе алмаса отырып, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл сауаттылығын қадағалау және реттеу, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сай ресімдеуге әдістемелік көмек көрсету керек. Бұл тарапта облыстағы тіл орталықтары тарапынан көпген жұмыстар атқарылуда. Облыста алдын ала жоспарланған айлық, тоқсандық, жылдық іс шараларда жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңдары талаптарына сай ресімделуі бойынша үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өңірлердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың жай-күйін бақылау мақсатында рейдтер өткізіліп тұрады. Түркістан облысының орталығында 21 маусым күні арнайы құрылған жұмысшы топ ілінген жарнамаларды бақылап, анықталған кемшіліктер бойынша жарнама иелеріне «Тіл Туралы» Заңының аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын. Орын алған кемшіліктер қалпына келтірілді. Осы ретте, қаладағы ілінген жарнамалардың мәтіндеріне қөңіл бөлініп ретке келтіру жұмыстары жалғасатын болады. Кез келген елдің жарнамасынан ол елдің ұлттық ерекшелігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, мәдениеті көрініп тұрады. «Жарнама туралы» Заңда «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа тілде таратылады» – деп жазылған. Сондықтан да, кез келген саланың жарнамасы алдымен мемлекеттік тілде ақпарат беруге міндетті. Дегенмен кейде кәсіпкер аталған талапты елегісі келмейтіні жасырын емес. Алайда мемлекеттік органдар тарапынан қойылған талап бойынша тілдік қателер түзетіліп жатыр. Заңнамаға сәйкес, жарнамалық ақпарат анық, түсінікті, белгіленген тәртіппен, жергілікті жауапты органға хабарлай отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы тиіс.