«Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы жалғасын тапты
2022 ж. 6 шілде

Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, болмысы деп айтуға болады. Бүгінгі күні Қазақстанның облыс орталықтарында, қала, аудандар мен ауылдарда домбыра мерекесі тойланып жатыр.
«Мектебіңе домбыра сыйла» акциясын эстафета ретінде келесі ауданға жолдау шарасының домбыра күнінде белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл шара өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық құндылықтарға деген құлшынысын арттыра түсері сөзсіз.
Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы әкімдігінен шақырту алғаннан кейін, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдубаев мырза мен Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысыАқмарал Үсенқызы ханым бастаған бір топ әріптестер жолға шықтық.
Ниетіміз «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясының эстафетасын алу, игі істің жалғасын табуына қолдау көрсету.
Мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараның куәгері болдық. Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов мырза мен мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев мырзалар аудан халқын құттықтап, белсенді атсалысқан азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен бүлдіршіндер әнмен шашу шашып, бимен безендіріп, күмбірлеген күймен көмкерді.
Құндылықтарды дәріптейтін акцияның идесына қанат бітіріп ұйымдастыруда белсенділік көрсеткен әріптестер көп болды.