Ұлттық ономастика — мемлекеттік идеологияның бір тірегі
2022 ж. 6 шілде

Ономастика – Еліміздің тіл саясатының ең өзекті мәселесі. Белгілі бір тілдегі лексиканың ажырамас бөлігі ретінде қоғам өмірімен тығыз байланысты болады да, тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-экономикалық әрі мәдени-әлеуметтік факторлармен тығыз ұштасып жатады.
Әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилль бірде: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде ешуақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн... Екіншісі – асықпау. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқасты етілетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек.» деген екен. Сондықтан атау беру мәселесінде асығыстық жасамай, мұқияттылыққа, тілдік тазалыққа аса мән беріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін әлі де көтере түсуіміз қажет. Жан-жақты саралап, тереңірек зерттелуін, көнекөз қариялардың, ғалымдардың және ақпараттың шынайылығын растайтын басқа да дереккөздердің пікіріне сүйене отырып, сәйкестік қағидатына негізделуін анықтауымыз тиіс.
Барлығымыздың көкейіміздегі мәселе. Ол-біздің рулық, туыстық қатынастарымыз, себебі біздің қаламызда да тұрғындар тарапынан «атамның атын-ауылға, көкемнің атын-көшеге» беруді сұрап жазған өтініштер саны азаймай тұр. Бұл мәселе өз кезегінде даудың туындауына себеп болуы мүмкін. Дегенмен де кейбір жергілікті тұлғалардың есімін ұлықтау мақсатында лайықты тұлғаның ономастика жұмысының критерийлеріне сәйкес келуін, республикамыздың, қаламыздың дамуына қосқан үлесін, еңбек жолдарындағы алған марапаттарын жинақтап тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Қазақстан-біртұтас мемлекет. Әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру мәселесінде тұтастық табиғаты сақталуы қажет. Біле білгенге жер-су атаулары-ғажайып тарихтан сыр шертеді. Атау беру-біреулер ойлағандай оңай шаруа емес. Бұл жерде адам тағдыры, жергілікті халықтың бірлігі жатыр десек те артық айтпаймыз.
Осы орайда, Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру, қаламыздың ұлттық келбетін қалыптастыру мақсатында жергілікті тарихшы-өлкетанушыларды, тіл жанашырларын қаланың және оған қарасты ауылдардағы зерттелмей ұмыт қалған жергілікті тарихи жер-су атауларын қайта жаңғыртуда бірлесе жұмыс атқарып, қолдау білдіруге шақырып отыр.