Ұлттық домбыра ұлықталды
2022 ж. 30 маусым

Домбыра қазақтың жаны, салтанат, сәні. Керек десеңіз, өмірінің мәні. Қасиетті ұлықтаған бүгінгі ұрпақ домбыраны ата мұрасы санайтыны ақиқат. Ғасырлар қойнауынан жеткен тарихтың біразы күй өнерімен таспаланған. Барлық шежіресін қос ішекті домбыраға сыйдыруға тырысқан. Қазақтың ұлттық аспабы ретінде домбыра әр үйдің төрінде ілулі тұр. Ұлттық өнерімізді ұлықтау мақсатында біраз жылдан бері Ұлттық домбыра күні аталып келеді. Жас ұрпаққа төл өнерімізді дәріптеу мақсатында домбыраның тарихы, күй өнері туралы мағлұмат беріліп, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Өркениетті қоғам болашағы жас ұрпақты тек біліммен сусындатып қана қоймай, ұлттық өнеріміз, ұлттық дәстүрімізбен таныстырудың да мәні зор. Түркістан облыстық Оқушылар сарайының «1 шілде – Ұлттық домбыра күніне» орай «Қазақтың үні – домбыра» атты мерекелік концертін өтті.Оған «Домбыра» мен «Дәстүрлі ән» үйірмелерінің оқушылары ыждағаттылықпен дайындалды. Ұлттық аспап мерекесіне орай жас домбырашылар ғимарат алдында Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» туындысын орындады. Одан әрі үлкен залда концерт жалғасын тапты. Домбыра тартудың қыр сырын үйреніп жүрген жас өрендер атақты күйді нәшіне келтіре орындады. Шараға облыс әкімінің орынбасары С. Амангелдіұлы, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлы, Түркістан қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы О.Шайқықызы мен айтыскер ақын Б.Шойбеков қатысты.
Дінислам Болатханұлы, Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: "Елімізде шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. Домбыра - қазақ елінің көнекөз шежіресі, асыл қазынасы. Атаулы мерекеде домбыраны қолынан тастамай, ұлттық аспабымызбен елге танылып жүрген тұлғаларды мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер!". Домбыраның сүйемелдеуімен орындалатын күй, дәстүрлі ән, заманауи әндерден құралған тамаша концерт тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Дауыл тұрардай алапат күшпен басталатын күйлер көрерменің көңілінен шығып, патриоттық сезімін оятты. Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рухты оятатын күйлер расында денені шымырлатып, керемет сезім сыйлайтыны ақиқат.
Дәстүрлі ән үйірмесінің оқушыларынан құрылған «Болашақ» тобы «Сәлем Қазақстан» мен Қазиханның әні «Ақсұрат» туындыларын орындады. Домбырашылар халықтың еркіндігін ұрандайтын Құрманғазының "Адай" күйін орындап, кешті аяқтады.