Ұлт ұстазының ұлы есімі ұлықталды

2022 ж. 6 шілде

Ұлт ұстазының ұлы есімі ұлықталды

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданы мәдениет,тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақтың рухани көсемі атанған ұлт ұстазы, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың», -деп елі үшін езілген Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ауданның зиялы қауым өкілдері арасында «Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық мұрасы және ұлттық құндылықтары» атты дөңгелек үстел болып өтті. Іс-шарада Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық саяси қызметі, журналистік қызметі, Алаш идеясы жайлы тақырыптар талқыланып,зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін еркін форматта ортаға салып, белсенді жастарымыз Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Сонымен қатар «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне жазылған әндер орындалды. «Жетісай ауданының мамандандырылған Дарын мектеп-интернаты» КММ ұстазы Минара Сұлтанова өз шығармашылығынан Ахмет Байтұрсынұлына арнау өлеңін айтып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Алдағы уақытта да қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлғаның шығармашылығы кеңінен насихатталып, дәріптеле бермек. Ұлт ұстазының ұлы есімі ешқашан сөнбек емес.