«Ұлт рухының шырақшысы» атты кеш өтті
2022 ж. 14 шілде

Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, «Түркі тілдес халықтар арасында ең үздік әлем ақыны», Түркістан облысының және Отырар ауданының құрметті азаматы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері М.Шахановтың 80 жасқа толған мерей тойы туған жері – талай ғұламалар мен дарынды перзенттерін дүниеге әкелген киелі Отырар елінен бастау алды. Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық мәдениет сарайында аудан халқының және арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен «Ұлт рухының шырақшысы» атты салтанатты жиын болып өтті. Кеш қонақтарына «Ұлттық рух дауылпазы» атты кітап көрмесі таныстырылып, М.Шахановтың «Отырар қаһармандығы немесе жеңілген жеңімпаз туралы дастан» шығармасы бойынша сахналық қойылым көрсетілді және айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков өзінің арнау өлеңін оқыды. Мерей той барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті сенатының депутаты Әлімжан Құртаев,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, әдебиеттанушы, ғалым Құлбек Ергөбек, Түркістан облысының Құрметті азаматы, меценат Серікжан Сейітжанов, Түркістан облыстық Мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, белгілі сатирик Көпен Әмірбек, ақын Ханбибі Есенқарақызы тағы да басқа қонақтар сахна төріне шығып, мерейтой иесін құттықтап, ыстық ықыластарын білдіре келе, ақын ағамыздың азаматтығы мен шығармашылығы жайлы сөз қозғады. Кеш барысында аудан өнерпаздарының орындауында ақиық ақынның өлеңіне жазылған әндер орындалды. Әсіресе мектеп оқушылары өздері сүйіп оқитын ақынның ұлттық рух сыйлайтын арынды өлеңдерін жатқа айтты. Мерейтой иесі Мұхтар Шаханов өзінің шығармашылығы жайында сөз қозғап, өлеңдерін оқыды. Кеш соңында Мәдениет қайраткері, халықаралық конкурстардың лауреаты, әнші Хадиша Шалабаеваның Мұхтар ағамыздың «Отырар кітапханасы» әнін әуелете шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ақындық мен азаматтықты тең ұстайтын Мұхтардай дарынды ақыны бар қазақ халқы шын бақытты.
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда
Үлкен болып қалу үшін ғаламда
Үлкен арман керек екен адамға – деп жырлаған қазақтың алтын
асықтай ұлдарының бірі - халық жазушысы, қоғам қайраткері, ұлттық рухтың, қазақи салт-дәстүрдің, тарихи таным мен ұлттық құндылықтардың жоқтаушысы, қазақтың көсегесі қайтсе көгереді деген ұлы арман жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ұлы ақын, жерлесіміз Мұхтар Шаханов.
Ұлт мүддесі үшін өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, Арал деп
арпалысқан, желтоқсан деп жағаласқан, ақыры екеуін де әлем назарына алып
шыққан Мұхтар ағамыз мерейлі 80 жасқа толып отыр. Бүгін аудандық
мәдениет сарайында осы мерейтойға орай ұйымдастырылған «Ұлт рухының
шырақшысы» атты мерекелік бас қосу өткізілді. Отырарлықтар Ақын ағамызға ақ боз ат мінгізіп, шапан жапты.