Әлем чемпионы жастарды арманына адал болуға шақырды

2022 ж. 11 шілде

Әлем чемпионы жастарды арманына адал болуға шақырды

Бала күнгі арман мектеп қабырғасында қаланады десек артық айтқандық емес. Оқушылардың болашақта кім боламын деген сұрағы сол кезде басталса керек. Мектеп мұғалімдері бала арманының бағыт бағдар берушісі болуы тиіс те. Еліміздің атын аспандатқан әлемдің деңгейдегі чемпиондар шықпасына кім кепіл? Ал оқушылардың әлем чемпиондарымен кездесуі олардың қиялына қанат бітірері анық.

Күллі әлем көз тіккен, әлемнің кіл мықты спортшылары жиналған Күншығыс елінде өткен байрақты бәсекеде, Қазақ елінің намысын қорғап, көк туымызды көкте желбіретіп Алаштың мерейін асырған, Түркістан облысының тарихында алғашқы Олимпиада медалін ұтып алған, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Сербия астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері Сәкен Бибосынов киелі Қазығұрт ауданының халқымен кездесті. Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, Қазығұрт ауданында орналасқан "Жеңіс" спорт кешенінде оқушылармен кездесіп, келешекте еліміздің атын дүбірлі додаларда мерейін үстем ететін болашақ чемпиондармен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде, Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, Жаңа Қазақстанның болашағы, ертеңгі келбеті жастар екендігін тілге тиек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында ерінбей адал еңбек етуге, шақырды. Еліміздің жарқын болашағы үшін, жемқорлық секілді қоғамның дертіне айналған жаман әдеттерден аулақ болуға, жемқорлықтың жолына тосқауыл қойып, кемел келешек жолында ел үшін қызмет ету керек екендігін тілге тиек етті.