Леңгір медучилищесінің түлектер кездесуі өтті

2022 ж. 17 шілде

Леңгір медучилищесінің түлектер кездесуі өтті

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы Ленгір қаласында өте әсерлі әрі ерекше кездесу өтті. Осы тарихи сәтке Төлеби аудандық мәслихатының депутаты Ділмұрат Омаров әріптесіммен бірге куә боп қайттым.

Соғыс кезінде Ленгір кеншілер поселкесінде 2 айлық медициналық мектеп ашылады. Соғыстан кейін ол республикалық деңгейдегі медициналық училище статусын алып, ұзақ жылдар бойы қаншама сапалы медицина мамандарын даярлайды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы аты шартарапқа танылған училище жабылып қалады. Іргелі оқу орында еліміздің түкпір-түкпірінен келіп білім алған студенттердің көбісі жоғары білімдерін әрі қарай жалғастырып, медицина докторы, ғалым, профессор атақтарына ие болған. Соның бірқатары, яғни медучилищені 1967 жылы бітірген 8 түлек бүгін Алматы, Астана қалаларынан арнайы келіп, жастық жалынды студенттік өмірі өткен Ленгір қаласын аралап, «Мейір-Бейс» жоғары медициналық колледжінің тыныс-тіршілігімен танысып, студенттердің концерттік бағдарламасын тамашалады.

Бір айта кетерлігі, ашылғанына 10 жыл толған осы колледждің негізін қалаған директор Жанқал Аманкүл Мейірханқызы да медучилищенің 53 жыл бұрынғы түлегі екен. Алды 80 жасқа, арты 75-ке толған түлектер фельдшер факультетінде білім алып, сол кездегі училищенің ұстаздары мен директорын, кітапханашысын, тіпті студенттік кезді бірге өткізген достарын еске алып, әсерлі әңгімелерін ортаға салды. Сол кездегі Ленгір қаласы мен көшелерін еске түсірді. Сол замандарда ауызекі тілде Шанхай деп аталған қазіргі №6 мектеп аумағында өткен жалынды жастық шақтарын қимастықпен еске алды. Өздерімен бірге осы ауданның қызы Мадина Стамқұлова деген талдырмаш, сұлу, байсалды қызбен бірге оқығандарын мақтанышпен айтып, бүгінде Мадина қыз ақ самайлы әдемі әже атанып, ұрпағының ортасында отырған шығар. Қайда жүрсе де аман болсын,—деген тілек айтты.

Бұл кездесуге жоғары дайындық жасаған «Мейір-Бейс» медициналық колледжінің өнерлі студенттеріне алғыс айтқан 55 жыл бұрынғы түлектер жекеменшік колледж директоры Аманкүл Мейірханқызына гүл шоғын табыстап, кітапхана қорына медициналық анықтамалықтар мен сөздіктер, тағы басқа құнды кітаптарды студенттердің игілігіне қалдырды. Колледж кабинеттерін аралап, кезінде өздері пайдаланған 60 жыл бұрынғы әдістемелік көрнекіліктердің: плакаттар мен муляждардың, адам қаңқаларының сол күйі сақталып қалғанына қайран қалып, таң тамаша күй кешті. «Ескі муляждарды көріп пән кабинеттерінде білім алып жатқан балаң шақтарым көз алдымнан өткендей толқып кеттім. Қатты толғанысқа түскеннен тіпті, қан қысымым көтеріліп кетпесе болғаны деп уайымдап қалдым» деді кезінде үздік студент атанып, училищені де, жоғары оқу орнын да қызыл дипломмен бітірген, белсенді студент болған түлек, бүгінгі қазыналы қария.

Дина Хангелдиева