«Латын әліпбиін қолдауға шақырымыз!» атты ұранмен акция өтті

2022 ж. 6 шілде

«Латын әліпбиін қолдауға шақырымыз!» атты ұранмен акция өтті

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Бүгінде латын әліпбиіне көшу маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Латын әліпбиіне көшу әлемдік өркениет жетістіктеріне бағытталған стратегиялық маңызы зор үрдіс екендігі анық. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, ғаламтор пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады.

Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізудің мәні орасан.

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық "Тілдерді оқыту және дамыту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы орайда ауқымды жұмыстар атқаруда. Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу жобасы аясында маусым айының 20 күні орталық оқытушылары «Латын әліпбиін қолдауға шақырымыз!» атты ұранмен аудан орталығына акцияға шықты. Акция барысында Жаңа әліпби мен емлені жұртшылыққа насихаттау мақсатында брошуралар тарқату жұмыстарын жүргізді.