Кәсіптік білім алуға ниеттілер қатары қалың

2022 ж. 30 маусым

Кәсіптік білім алуға ниеттілер қатары қалың

Білім сапасын арттыруға бағытталған түрлі жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бүгінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы солардың бірі де бірегейі. Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Аталған бағдарлама негізінен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтуға, ауылдағы білім беру сапасын арттыруға, балалардың қауіпсіздігіне және жоғарғы оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салады. Әсіресе аталған жобаның төртінші міндеті - қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етунағыз бүгінгі күннің талабына жауап беретін бөлім деуге болады. 2025 жылға қарай жастардың 100 пайызы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Яғни, аса қажетті кәсіптерді тегін оқиды. Бұл жастар үшін үлкен қолдау болатыны сөзсіз. Осының арқасында NEET санатына жататын жастардың қоғамдағы үлесі азаяды. Айта кетейік, Оқу – ағарту министрлігі «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін 2 трлн. теңгеге жуық қаражат жұмсамақ ниетте. Аталған жобалардың шарапатын өңірлер де көруде. Бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы колледждерге құжат қабылдау жөнінде брифинг өткізді. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 9-сынып түлектерін тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды 100 пайызға ұлғайту мақсатында 2022-2023 оқу жылына республикалық бюджет есебінен 10000 орынға, жергілікті бюджет есебінен 7000 орынға, жалпы саны 17000 орынға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға арттырылып отыр.

Осы көлемдегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсына қатысу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы 43 колледжден 66 мамандық, 95 біліктілік бойынша 15032 орынға конкурсқа қатысу туралы өтініштер келіп түсіп, орналастыру комиссиясының 2022 жылғы 24 маусымдағы №1 хаттамалық шешіммен білім беру тапсырысы орналастырылатын 40 колледждің 11932 орын (оның 11157-сі, яғни 93,5 пайызы мемлекеттік тілде оқытылады) көлемінде жобалық мүмкіндігі айқындалды.

Құжаттарды қабылдау мерзімі маусым айынан қыркүйекке дейін жалғасатын болады.

Бүгінгі күнге 41 колледждің қабылдау комиссияларына 1888 талапкерден өтініш келіп түсіп, SmartNationCollege ақпараттық платформасында тіркелуде. Кәсіптік және техникалық білім алуға деген жастардың құлшыны жақсы. Алдағы уақытта өтініш білдірушілердің қатары тағы да артатыны сөзсіз.