Конкурстан өткен мұғалімдерге қосымша төлемді қамтитын кешен ұсынылады

2022 ж. 26 маусым

Конкурстан өткен мұғалімдерге қосымша төлемді қамтитын кешен  ұсынылады

Елімізде білім сапасын арттыру үшін білікті мамандар көп болуы тиіс. Ол үшін бүгіннен бастап білім бесіктерінде оқушылардың білім іргетасын нықтап қалау қажет. Ол үшін білім терең, білікті ұстаздардан тәжірибе жинаған мамандар қатары артуы тиіс. Бүгінде Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы педагог мамандар үшін бос орындар конкурсын жариялады. Мұғалім тапшылығы бар өңірлердегі білім сапасын арттыру мақсатында Түркістан облысына білікті де ынталы мұғалімдерді, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтардың үздік түлектерін жұмысқа шақыруда. Конкурсқа қатысу шарттары да анау айтқандай қиын емес. Тек үміткерлер алған біліміне сенімді, терең білімін дәлелдеуі қажет. Үміткерлер конкурсқа қатысу үшін тиісті құжаттарды жинақтап, компьютерлік тестілеуден өтеді. Конкурстық іріктеуден өткен және арнайы бағдарламаға қатысушы оқытушыларға, жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектеріне - лауазымдық жалақысының 150 пайыздық мөлшерінде есептелген қосымша төлемді қамтитын кешен ұсынылады. Бұл болашақ мұғалімдер үшін үлкен демеу болары сөзсіз. Елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама басталғаны белгілі. Аталмыш жобаны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдер тапшылығы немесе білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары жайында. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.

Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті аймақтардың облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылған.