Күнтізбелік сабақ жоспары бекітілді

2022 ж. 28 маусым

Күнтізбелік сабақ жоспары бекітілді

Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол егеменді еліміздің берік арқауы, берік тұғырлы тұғыры. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту, оқыту курстарының жұмысын жандандыру мақсатында бүгінгі күнге дейін көрнекті ғалымдар мен тәжірибелі әдіскерлер шындап еңбектеніп, түрлі қазақ тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешендер мен оқу құралдарын жариялап келеді. Осы оқу құралдары арқылы қазақ тілін үйреніп, тілге деген құрметін көрсетіп жүргендер аз емес. Тіпті өзге ұлт өкілдері де аталмыш оқу құралдары арқылы тез тіл үйренуде.

Жаһанданудың жалына жармасқан заманда ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші ұлттық құндылықтарды құрметтеп, тіл білімін жетілдірумен өлшенсе керек. Оқу-әдістемелік оқу құралы барлық тіл үйренушілердің басты байлығымыз мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқуға деген ынтасын оятып, қазақ тілінде сөйлеушілер қатарын арттыруға, тілдік ахуалын жақсартуға үлесін қосуда. Бүгінде Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында орналасқан «Яссин» Медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерінен қазақ тілінен Орта (В1) деңгейі бойынша топ құрамы ашылып, оқу бағдарламасына сәйкес күнтізбелік сабақ жоспары бекітілді.

Ал 24 маусым күні орталық қызметкерлерімен алғашқы сабақ жүргізілді.

Сабақ барысында «Сәлем – сөздің анасы» лексикалық тақырыбында және «Үндестік заңы» грамматикалық тақырыбы бойынша жаттығу жұмыстары орындалып, тыңдалым, оқылым, айтылым бөлімдері қамтылды. Сабақтың мақсаты: тыңдаушылардың қазақша сауатты сөйлеу, жазу дағдыларын қалыптастыру, қатысушылардың ой-өрісін және сөздік қорларын дамыту.