Қазақстанның болашағы – дарынды жастар
2022 ж. 17 шілде

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогы үшін «Қазақстанның болашағы – дарынды жастар» тақырыбында жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған жайдарман ойындарының финалы өтті. Таланттылар ойынын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қозыбаев Алдияр Хайбілдәұлы ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Командалар сəлемдесу, биатлон және жұлдызбен үй тапсырмасы кезеңдері бойынша өзара сынға түсті. Көрерменнің көңілінен шығатын әдемі ойын өрнегін көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ауданымыздың дарынды жастарынан құралған «Доллар», «Tas.kz», «Браво», «Саякент» және «Панфилов.kz» командалары болды. Наурыз айында бастау алған «Маусымашар» жайдарман ойындарында аудан бойынша 17 команда өнер көрсеткен болатын. Жүзден жүйрік шыққан 5 команда қорытынды финал ойындарына қатысты.
Финалдың ерекшелігі елімізге белгілі жұлдызды жайдарманшылар аудан жастарымен бірге бір сахнада өнер көрсетті. Білікті мамандардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша, аудан әкімінің кубогын Көктерек кентінің «Панфилов.kz» командасы лайықты болса , ІІ орынды Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің «Саякент» командасы; ІІІ орынды «Tas.kz» командасы иеленді. Финалға жеткен әр командаға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.