Қазақша сауатты сөйлеу деңгейін жетілдіруге бағытталған

2022 ж. 6 шілде

Қазақша сауатты сөйлеу деңгейін жетілдіруге бағытталған

Қазіргі таңда ҚАЗТЕСТ жүйесінің мазмұны төрт бөліктен тұрады. Олар тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым және жазылым. Әрбір бөліктің ерекшелігіне байланысты тапсырма да алуан түрлі, яғни әрбір тапсырманың өз мақсаты, бағалайтын білік-дағдысы болады. Жүйенің алғашқы бөлігі тыңдалым бойынша күнделікті өмірде қолданыста бар, әрбір деңгейдің лексикалық қорына сәйкестендірілген диалог, монолог, полилог және әр алуа­н мазмұндағы мәтіндер ұсынылады. Тест тапсырмалары аудиомәтіндер және тест тапсырмалары арқылы тіл үйренушінің білік-дағдыларын бағалайды. Анықтамаға сүйенсек, дағды - көп рет қайталау жолымен қалыптасатын автоматты түрде жасауға дейін жеткізілген әрекет. ҚАЗТЕСТ азаматтардың қазақ тілін меңгеруін бес деңгей бойынша бағалайтыны көпшілікке таныс (А1 - қарапайым, А2 - базалық, В1 - орта, В2 - ортадан жоғары, С1 - жоғары), төменде Тыңдалым бөлігі бойынша (А1, А2 деңгейлері) тапсырма түрлері, тапсырманың мақсаты, тестіленушінің бағаланатын білік-дағдылары көрсетілген. Бүгінде Түркістан облысындағы аудандардағы тіл орталықтары аталған жүйе бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Шілде айының алғашқы күні Төлеби аудандық Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы мекемесінің сұраныс хатына сәйкес орталық қызметкерлерінен ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін деңгейлеп оқыту курсы негізінде кіріс тест алынды. Оған орталықтың тәрбиеші, уқалаушы, логопед, есепші, шаруа бикесі, аспаз және дефектолог, психолог мамандары қатысты. Мемлекеттік тілді деңгейлеп үйрету курсы қатысушылардың кәсіби салада, өндіріс орындарында, ғылыми ортада қазақша сауатты сөйлеу әдебі мен мәдениетінің деңгейін жетілдіруге бағытталған.