«Қазақ жазуын жаңғырту» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді
2022 ж. 30 маусым

Жаңа ғасырға ұлы мұратпен қадам басқан еліміздің рухани жаңаруының бастауы – латын әліпбиінде жатыр. Латынға ауысу қазақ тілінің дамуына, халықаралық мәдени-рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына және ІТ – технологиялардың дамуына жағдай жасайтыны анық. "Кеңесіп пішкен тон келте болмайды". Басты шарт – тілдің үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігі мен сөйлеу ырғағын бұзбау. Осы тарапта тіл мамандары бірлесе жұмыс атқаруда. Ал өңірлерде түрлі насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық-мемлекеттің мекемесінің ұйымдастыруымен «Балдырған-1» балабақшасы қызметкерлерімен «Қазақ жазуын жаңғырту» тақырыбында түсіндіру жұмысы жүргізілді. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудағы 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, жаңа үлгідегі латын әліпбиінің маңызын, қажеттілігін барынша түсіндіру, жаңа қазақ жазуын қолданысқа енгізудің негізгі мәселелерін халыққа жеткізу мақсатында өткізілді. Жиын барысында мекеме қызметкерлері латын әліпбиінің таңбаларымен танысып, жазу дағдысын қалыптастыруға атсалысты. Арнайы диакритикалық таңбалармен белгіленген дыбыстармен мысалдар келтіріп,сөйлемдер құрады. Қатысушылар тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салып, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.