Қазақ тілі ұлықталды

2022 ж. 27 маусым

Қазақ тілі ұлықталды

Тіл саясатын дамыту, қазақ тілін реформалау және ана тіліміздің беделін арттыру бағытында бүгінде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ол үшін түрлі конференциялар, олимпиадалар ұйымдастырылуда. Жуырда

«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты ХІХ Халықаралық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша қазақ диаспорасы балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты ХІХ Халықаралық олимпиада Түркістан облысының орталығында басталды. Аталмыш олимпиаданың мақсаты -

қазақ диаспорасының дарынды балаларын анықтауға және оларға әлеуметтік-құқықтық қорғау, қазақ тіліне, әдебиетке, тарихқа ынталандыру және қазақ халқының мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады.

Олимпиадаға шетелдегі қазақ диаспорасының білім беру ұйымдарының 14-17 жастағы оқушылары қатысуда. Әрбір команда құрамында кемінде 8 оқушы, 2 жетекші бар. Бәрі де мықты аталған білім сайысына жоғары деңгейде дайындалған мықты команда. Ылғи «сен тұр, мен атайын» дейтіндей кілең көшбасшылар жиналған.Олимпиада 3 турдан тұрады, І тур - Эссе жазу;

ІІ тур - «Тарихи таным» зерттеу жұмыстарын 4 секция бойынша қорғау:

«Туған жер тұғырың!»; «Қадірлесең салт-дәстүр – асыл қазына»;

«Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» және «Тұлға тағылымы» атты еңбекті қорғау турынан тұрады. ІІІ тур - Үй тапсырмасы – «Өз ұлтымды сүйемін!» атты шығармашылық таныстырылымды қамтыды. Айта кетейік, олимпиадаға қатысып жатқан 69 оқушының ішінде онлайн режимде бақ сынап жатқандары да бар. Олар Моңғолиядан - 4, Ираннан -12 оқушыны құрап отыр. Жарыс қорытындысы алдағы күндері белгілі болмақ. Жарыс жеңімпаздарын анықтау да жюри мүшелеріне оңайға соқпасы анық. Өйткені кіл дүлдүлдер қатысып жатқан бәйгеде шын дүлдүлді тап басып тану қиынға соққалы тұр.