Қамқоршылық кеңестерінің жұмысы ашық болуы тиіс

2022 ж. 11 шілде

Қамқоршылық кеңестерінің жұмысы ашық болуы тиіс

Бүгінде Түркістан облысында мектептердегі қамқоршылық кеңестер қайта құрылуда. Осыған орай «Түркістан облысының білім мекемелерінің барлығында дерлік қамқоршылық кеңестер құрылды. Олардың жалпы саны 1134-ке келіп жығылады. Тек биылдың өзінде 113 директордың тағайындауы, осы кеңестердің ұсынысы негізінде жасалыпты. Директорды тағайындау қамқоршылық кеңеске жүктелген көп міндеттің бірі ғана. Қамқоршылық кеңес жұмысының негізгі миссиясы - мектеп жұмысына қоғамдық бақылау! Директордың жұмысын, жалпы мектептің (білім мекемесінің) дамуын реттейтін бірден бір орган болып табылады. Директордың жасаған жұмысының есебін тыңдап, білім мекемесінде келеңсіз жағдайлар орын алса, шешімін беру керек! Әкімшілік-қаржы жұмыстарына араласып, оның білім мекемесінің дамуына жұмсалуын қадағалайды. Білім мекемесінің директоры ұсынған даму бағдарламасын бекітіп, оның орындалуын қадағалайды! Мектепке қайырымдылық акциялары арқылы демеушілерден қаржы түспейді емес, түседі. Сол демеушілік қызметті реттейтін де осы кеңес. Кеңестің өз шоты болып, барлық қаражат кэшпен (қолма қол) емес, есеп шот арқылы жүргізілуі тиіс. Директор ол қаржыны тек қамқоршылық кеңестің шешімімен жұмсап, жұмсалғаны бойынша кеңес алдында есеп береді. Қамқоршылық кеңес академиялық мәселелерге де араласады. Мектептің білім бағытын анықтап, тіпті мұғалімдер қажеттілігін анықтайды. Өз ұсыныстарын директорға жеткізіп, жалпы директордың жұмысына баға беретін бірден бір орган. Сондықтан мұндай кеңестің құрамына директордың тамыр-танысы, туысқаны кіруіне мүлдем жол жоқ. Өз кезегінде қамқоршылық кеңес жұмысы туралы мектеп ұжымы мен ата-аналар алдында есебін беруі тиіс. Байқап отырсақ, қамқоршылық кеңеске берілген мүмкіндіктер орасан зор. Бірақ біздің облыста жазылған арыз бен шағымның қарасы, сыбайлас жемқорлықпен айыптаған кінәлаулар толастар емес. Мамыр айында мұғалімдермен болған бір кездесуде қамқоршылық кеңестер жұмысын реттеуді, директорлыққа үміткерлердің комиссия алдында сөйлеген сөзін фейсбук арқылы тікелей эфирге шығарып, жұрттың назарына паш етуді сұраған ұсыныс болды. Осы ұсыныс негізінде барлық қамқоршылық кеңестерді қайта қарау туралы шешім қабылданды. Қамқоршылық кеңестің мүшелері фейсбук арқылы қайта сайланады. Сондықтан барлық белсенді, білімге жаны ашитын азаматтарды осы кеңестердің құрамына кіру үшін өз кандидатураларыңызды беріп, мектепке нендей қамқорлық жасайтындарыңызды жариялап, құрамына ену туралы ұсыныстарыңызды беруге шақырамын. Содан кейін, барлық директорлыққа болатын конкурстар фейсбук арқылы тікелей эфирге шығаралатынын мәлімдеймін», деді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.