«IQanat-2022» олимпиадасында Түркістан облысының оқушылары бірінші орын алды

2022 ж. 26 маусым

«IQanat-2022» олимпиадасында Түркістан облысының оқушылары бірінші орын алды

Түркістан облысының оқушылары жоғары жетістіктерімен әрдайым биік белестерді бағындырып келеді. Мұғалімдерінің мерейін өсіріп, әрдайым озат нәтижелерге қол жеткізуде. Әрине күн сайын білім нәрімен сусындатқан оқушылары жоғары жетістікке жетсе ол мұғалімнің абыройының аспандағы. Ал бұл жағынан келгенде күнгейлік оқушылар қамшы салдырмайды. Күні кеше елордада «IQanat-2022» олимпиадасының республикалық слеті өтті. Аталмыш шараға еліміздің 164 ауданынан 36 мың бала арасында іріктеуден өткен «IQanat-2022» олимпиадасының республикалық слетіне 8-ші сыныптың 750 дарынды ауылдық оқушысы жиналды. Әрдайым жүйріктерін бәйгеге баптап қосатын Түркістан облысынан 98 ауыл оқушысы облыс намысын қорғап, дарындылар арасында қара үзіп шығу үшін бақ сынасты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын» бәйге тек ауыл оқушылары арасында ұйымдастырылды. Еліміздің атын асқақтатып жүрген нағыз дүлдүлдердің басым бөлігі ауылдан шыққан. Сондықтан да аталған бәйге расында нағыз дарындарды іріктейтіні сөзсіз. Еліміздің ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы сапалы білім алуға жол ашу үшін «IQanat» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Түркістан облысынан Республикалық Олимпиадаға 98 окушы қатысты. Білім бәйгесінде озаттардан оза шапқан түркістандық оқушылар бұл жолы да бабында екендіктерін дәлелдеді. IQanat High School of Burabay мектебінде 17 окушы өтті. 6 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Түркістан облысының оқушылары командалық есепте республика бойынша бірінші орынға ие алды. Осылайша білім бесігінің тәлімгерлері алған білімдерін ақтады. Ұстаздарының еңбегін еселеді. Мерейін асырды. Аталмыш білім бәйгесіне қатысқан барлық оқушыларға құнды сыйлықтар табыс етілді.

Ауыл оқушыларына үлкен демеу болып табылатын IQanat олимпиадасының бүгінгі таңда алатын орны ерекше. Білім нәрімен сусындап, биіктерге жетсем дейтін ауыл оқушыларын демеуге арналған IQANAT олимпиадасының негізгі мақсаты да сол – ауыл мектептері оқушыларының қазақстандық және шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндігіне тең қолжетімділікке ие болуларын қолдау. Бұдан бөлек, осы олимпиада арқылы ауыл оқушыларын пәнге деген қызығушылықтарын ояту, ынтасын арттыру, нәтижеге қол жеткізу.

«IQanat» олимпиадасы және Қордың басқа да бағдарламалары ауылдан келген мыңдаған балаларға ең жоғары технологиялы мектептердің бірі – IQanat High School of Burabay-ға оқуға түсу мүмкіндігін сыйлады. Бұл дегеніңіз – біліктілігі жоғары педагогтардан білім алып, білімдерін тереңдетіп, дүниетанымын кеңейтіп, көкжиегін кеңейтеді. Нәтижесінде үздік біліммен сусындаған ауыл балаларының еліміздегі және шетелдердегі үздік жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашты. Елімізде бұрын соңды мұндай жоба қолға алынған емес. Алыс жатқан шалғай ауылбалаларының шетел түгілі облыс орталығына барып жоғары оқуға түсуіне мүмкіндігі аз еді. Енді аталмыш бағдарлама арқылы үздік оқу орындарына тусуге мүмкіндігі артып отыр.