Еліміздегі ең үздік мектеп Түркістанда ашылмақ
2022 ж. 11 шілде

Білімі мен ғылымы дамыған елдің мәртебесі мен абыройы асқақтай беретіні белгілі. Сондықтан да білімге көп капитал салынуы тиіс. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда да заман талабына сай білім ошақтары салынбақ. Оқушылар төрт тілде білім алатын, барлық жағдайы жасалынған білім бесігі бой көтеретін болады. Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» АЭА» әкімшілік-іскерлік аумағында «Нұрорда» халықаралық мектебі» салынады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «TURKISTAN» АЭА» АҚ өкілдері «Диал Строй» ЖШС-нің директоры Ғабит Маматриымов пен БИЛ-дің бірінші вице-президенті Мухаммадали Ибрагимовпен кездесуінде келісімге келді. Инвестордың шаһардағы мәдени - рухани орталықтан шығыс үлгісіндегі сауда орталығын салмақ ойы бар. Сондай-ақ кездесуде қаланың әкімшілік-іскерлік аумағында заманауи қонақүй салу туралы жоспар талқыланды. «НҰРОРДА» халықаралық мектебі» – еліміздегі ең үздік білім ошақтарының қатарында. Төрт тілде білім беретін халықаралық мектепте барлық жағдай жасалады. Білім беру кешенінде футбол алаңы, жатақхана және бассейн салынады. 5 гектар жерге жайғасатын заманауи мектептің қабырғасы биыл қаланады. Жоспар бойынша 2024 жылғы жаңа оқу жылында ашылады деп күтілуде. «НҰРОРДА» халықаралық мектебі» Қазақстанның ірі қалаларында бар. Осылайша Түркістан облысының білім жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеру мәселесінде үлкен қадам жасалмақ. Түркістанда 1000 балаға арналған заманауи, білім сапасы жоғары “Нұрорда” мектебінің құрылысы мен ашылуы талқыланды. Құрылыс толық инвесторлар тарапынан жүргізіліп, ал мазмұнына БИЛ лицейлер қоры жетекшілік ететін болады. Бұл мектеп - облыс тарихында білім саласы үшін жаңа тарау болатыны сөзсіз.