«Дәуірдің дара тұлғасы» тақырыбында тәрбие сағаттары ұйымдастырылды
2022 ж. 12 шілде

Биылғы жыл Алаш ардақтыларының жылы болып тұр. Ұлтқа қызмет еткен, елін, жерін сүйген Алаш ардақтыларының мерейтойлары кең көлемде тойлануы ел мұратының, ұлт мүдесінің жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек. Түркістан облысына қарасты Шардара колледжі студенттері арасында Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Дәуірдің дара тұлғасы» тақырыбында тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Тәрбие сағаттарында Мұхтар Әуезовтың өмір жолы мен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мағлұмат беріліп, жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы айтылды. Іс-шара барысында студенттер жазушының өмірбаяны, шығармашылығы туралы ұсынылған бейне материалдарды, тарихи қолжазбаларды тамашалай отырып мол мағлұматтар алды. Айтулы шараның негізгі мақсаты – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлт үшін қызмет етудің қаншалықты ұлы іс екенін, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу болатын. Жастарға ұлы тұлғаларымызды қаншама рет дәріптесек те артықтық етпейді. М.Әуезов өзінің маңдай алды шығармасында Абайды ұлтымыздың ұлы тұлғасы ретінде насихаттаса, басқа елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін осы шығарма арқылы танып білді. Қазақтың тұнып тұрған әдеби бұлағының қайнар көзін сәтті дәріптей білген Мұхтар Әуезов осы шығармасы арқылы әлемге танылса, шығармасы қазақты әлемге танытты. «Абай жолын» оқымаған қазақ қазақ емес» деп бекерге айтылмаса керек. Тіл шұрайлылығын, қазақ тілінің соншалықты көркем екендігін осы шығармадан ақ байқауға болады. Еліміздің ертеңі жастарға ұлы тұлғаларымызды насихаттау, таныту аса қажет. Өйткен сол арқылы елімізді әлемге танытамыз, қазақ халқынын ұлылығын мойындатамыз. Кемеңгер, ұлы тұлғаның мерейлі мерейтойын тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтіп жатқандығымыз, елдігіміздің белгісі. Ұлы тұлғаларды дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойына отаншылдықтың дәнін егеміз. Осындай шығармалармен сусындап өскен жастардың бойынан ұлт тағдырына деген ерекше көзқарасты аңғаруға болады.