Дуальды білім беру - басты талап

2022 ж. 15 сәуір

Дуальды білім беру - басты талап

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында жастар саясатына басты басымдық берілген. Олардың білім алу, еңбек етуі, білікті маман болып шығуына баса назар аударылған. Дуальды оқыту да жастардың білімді де білікті маман болып шығуының бір кепілі. Бүгінде Шымкент аграрлық колледжінде дуальды оқыту жүйесіне негізделген бірқатар әлеуметтік серіктестермен келісім-шарт жасалды. Келісім-шарт техникалық және кәсіптік білім берудің оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының негізінде құрылды. Ондағы басты негіздер - оқу процесінің ғылыми және әдістемелік жұмыстарын бірігіп орындауы, оқу процесіне өндіріс мамандарын араластыруы, кәсіпорындарда өндірістік оқыту орындарының ұйымдастырылуы. Дуальды оқыту - кәсіпорынның, оқу орнының және білім алушының жауапкершіліктері тең болған кезде білім беру ұйымындағы оқытуды кәсіпорында білім алушыларға жұмыс орындарын бере оқыту мен практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын мамандар даярлау нысаны. Аталмыш оқу орнының бүгінде бұл бағытта атқарып отырған шаруасы шаш етектен. Білікті маман даярлау да басты міндеттерінің бірі. Аталмыш оқу орнын бітірген жас түлектердің жұмыссыз қалғаны жоқ. Бұл да болса мемлекеттік жастар саясатының дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының көрінісі болса керек.