Дарындардың ізін жалғап...

2022 ж. 30 маусым

Дарындардың ізін жалғап...

Мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай олардың басқа да өнерге баулып, қарым қабілеттерін ашып, дарынын шыңдау ұстаздар қауымының екінші міндеті десе де болады. Осындай ілкімді істердің арқасында болашақта әлемді тамсандырар дарын иелері шықпасына ешкім де кепілдік бермейді. Түркістан облысына қарасты Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі әрдайым оқушылардың талантын ұштау мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырып отырады. Жуырда аталмыш бөлімнің

ұйымдастыруымен ауданның 90 жылдық мерейтойына орай Қ.Мамытов атындағы жалпы орта мектеп базасында оқушылар арасында «Төлебидің әсем табиғаты» атты фото және сурет байқауы болып өтті. Байқауға білім беру ұйымдарынан сурет жанры бойынша 34 оқушы, фотосурет жанры бойынша 28 оқушы, барлығы 62 оқушы қатысты. Төлеби ауданынан әлемге әйгілі 7 қылқалам шебері шыққан. Құрасбек Тыныбеков бастаған, гобелен өнерінің негізін қалаушы Күлипа Жұбаниязова сынды суретшілердің туындылары бүгінде Мәскеудегі эрмитажда сақтаулы тұр. Осындай тума таланттардың ізін жалғаған өрендер ауданда көп десе де болады.

Ауданның әсем жерлеріне және оның аумағына назар аударту, Төлеби жерінің бірегейлігін, көркем табиғатын, тарихи және архитектуралық ескерткіштерін, тұрғындардың сүйікті орындарын көрсету, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру, көркем-эстетикалық талғамын дамыту, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында өткізілген байқауда оқушылардың тақырып аясында салған көркемсурет туындылары мен фотосурет жұмыстары сарапқа салынды. Оқушылар ауданымыздың тұмса табиғатын, көрікті, қасиетті орындарын ережеге сәйкес 3 сағат уақыт ішінде орындап, сарапшылар тобының назарына ұсынды. Сонымен қатар мектеп оқушыларының фототуындылары көрме етіп қойылды.

Бейнелеу өнеріне қызығушылығы жоғары, қылқаламды жанына серік еткен оқушылардың туған жерді бейнелеген суреттері көрген жанды тамсандырмай қоймады.

Сарапшылар тобының құрамында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев, аудандық өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы О.Кадиров, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы Р.Сайлауұлы, «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі А.Иманалиева, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Г.Рүстенбек, Төлеби балалар көркемсурет мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Бекетова, №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Н.Дошанова болды.

Сарапшылар тобы оқушылардың жұмыстарын бағалағанда тақырыпты ашудағы қабілеттілігіне, бояуларды талғаммен пайдаланғанына, идеяның ерекшелігіне және фотоның сапалы түсірілуіне көңіл аударды.

«Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, ауданның мерейтойы және БАЛАЛАР ЖЫЛЫ қарсаңында көркемсурет өнеріне талабы бар байқауға қатысқан барлық балалар марапатталды.

Сурет жанры бойынша жүлделі орындармен 13 оқушы, номинация бойынша 8 оқушы, қатысқаны үшін 13 оқушы марапатталса, фотосурет жанры бойынша сапасы жағынан да, идея көркемдігінен де үздік деп танылған жұмыстары үшін 10 оқушы жүлделі орындармен, 8 оқушы номинациямен және 10 оқушы қатысқаны үшін аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің мадақтама қағаздарымен марапатталды.