Биылдан бастап облыс деңгейінде бірдей формаға көшу ұсынылды
2022 ж. 30 шілде

Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы туралы мәселе өзектендіріледі. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрыққа өзгерістер енгізуде, оған сәйкес білім басқармасы Түркістан облысы бойынша мектеп формасының бірыңғай түсін ұсынып отыр.
Талдау көрсеткендей, Түркістан облысында 2017 жылдан бастап мектеп оқушыларының 90%-дан астамы қою көк түсті мектеп формасын киеді. Осыған байланысты білім бөлімдерінің басшыларымен, мектеп директорларымен аппараттық кеңестерде осы түсті мектеп формасына жаппай көшу туралы мәселе бірнеше рет талқыланды.
Жаңа 2022-2023 оқу жылына жолақтарсыз, торсыз, шотландкасыз қою көк түсті мектеп формасын сатып алуға кеңес беріп отыр. Алдыңғы жылдары әр мектеп өз ыңғайына қарай форма таңдайтын кейбірі арнайы тігін фабрикаларына тіктіретін, биылдан бастап облыс деңгейінде бірдей формаға көшу ұсынылды. Мектеп формасына орта білім беру ұйымдарының айырым белгілерін (эмблема, жапсырма, шеврон және т. б.) орналастыруға рұқсат етіледі. Әрбір ата-ана өндірушіні таңдауда тәуелсіз және мектеп формасын кез-келген нарықта, дүкенде немесе жеткізушілерден сатып алуға құқылы.
Ескерте кететін мәселе мектеп әкімшілігінің жекелеген мектеп формасын шығарушыларды ұсынуларына жол берілмейтініне баса назар аудару қажет.