«Бір күндік шенеунік»
2022 ж. 24 маусым

Басшы болу оңай емес. Әсіресе жұмысы қауырт білім саласының тізгінін ұстау тіптен қиын десек артық айтқандық емес. Күні кеше Түркістан облысының әкімдігінің бастамасымен «Өзін өзі басқару» жобасы қолға алынды. Әкімдік бастамасы мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған болатын. Осы саланың суығына тоңып, ыстығына төзіп жүрген ұстаздар қауымы бір күн бойы басқарма басшысының креслосына отырып, байқап көреді. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының орнына әлеуеметтік желі белсендісі, ұстаз Бауыржан Айтжанұлы Ниязбеков басқарма басшысының біркүндік міндетін атқарды.
Қатардағы ұстаз Бауыржан Ниязбеков барлық мемлекеттік мекемелердегілей таңғы сағат 9: 00-ден бастап өз жұмысына кірісті. Жұмысына кіріспес бұрын әуелі Басқарма басшысы Дінислам Болатханұлының қабылдауында болды. Сонан соң басшы, өз креслосына отырғызды. «Бір күндік шенеунік» әдеттегідей басқарманың бөлім басшылармен өткізілетін жоспарлы жиналысына қатысты. Жиналыс өткізу де оңай шаруа емес. Алдымен қандай мәселе талқыланатынын біліп, соған дайындалу керек дегендей.Бұл күні жазғы мектептің қорытындысы сұралып, 1-сыныпқа қабылдау ісі жан-жақты пысықталды. Орта білім колледждерге қабылдау жұмыстарының дайындығы қалай жүргізіліп жатқандығы сөз болды. Осылайша күн тәртібінде тұрған мәселелер қаузалып, жұмыс барысы талқыға салынды.
Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалымен өткен бейнеконференцияға қатысты. Сонымен қоса, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының барлық бөлімдерінің жұмыс бабымен танысып шықты.
Басқарма басшысының роліне еніп, бір күн жұмыс атқарып көрген ұстаз өз сезімімен бөлісті. «Бұл бастама алғаш естігенде таңданғаным рас. Дегенмен қуана қабыл алғанымды жасырмаймын. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының жұмыс барысымен толық таныстым. Қызметкерлері де барынша қолдап, сәттілік тіледі. Түрлі жиындар мен бас қосуларға қатыстым. Өзімнің тарапымнан мынадай ұсыныс айтар едім. Басқарма басшыларының міндетін атқарушы емес, «Мемлекеттік қызметкермен бір күн» деген сынды мазмұнда өткізілсе. Себебі, басқарма басшысының міндетін атқарып, маңызды құжаттарға қол қойып, шешім шығару мүмкін емес, - дейді Бауыржан Ниязбеков. Алдағы уақытта жаңашыл жоба жалғасын табатын болады. Оған белсенді, қоғам дамуына барынша үн қатып, атсалысып жүрген мамандар тартылатын болады.