Білім сапасын арттыру басты назарда

2022 ж. 30 маусым

Білім сапасын арттыру басты назарда

Білім сапасын арттыру қай кезеңде де назардан тыс қалған емес. Әсіресе қазіргідей заманауи технология дамыған уақытта болашақ іргетасы саналатын жас ұрпақ тәлімі мен білімін арттыру негізгі басты бағыттардың бірі болуы тиіс. Соған орай түрлі жобалар, арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі де бірегейі мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарлама болып отыр. Бұл дер кезінде қолға алынған шара болып отыр. Бағдарламаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген болатын. Аталған бағдарламаға қатысу үшін құжат қабылдау жалғасып жатыр. Бағдарламаның жемісті болары сөзсіз. Өйткені білімі мен біліктілігі мол маман оқушыларына саналы тәрбие мен сапалы білім беруде көш бастайтындығы анық. Жобаның артықшылықтары өте көп. Ол ең алдымен мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге әлеуметтік пакет қарастырылған: оларға лауазымдық жалақының 250 пайызы мөлшерінде ынталандыру үстемеақысы беріледі. Бұл бұрын соңды болмаған көтермелеу екендігі анық. Оның ішіне жоғары жалақыны, жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық қызмет ақысын төлеу де кіреді. Бұл жалақысы аса көп емес мұғалім үшін әжептеуір көмек болары сөзсіз. Одан бөлек, мұғалім жетіспейтін өңірлерге қоныс аударған педагогтердің балаларына балабақша мен орта мектептерден кезексіз орын беріледі. Арнайы бағдарлама еліміздің төрт аймағында яғни, Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында енгізіледі. Бұл аймақтарда математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері жетіспейді. Мұғалімдерді көптеп тарту үшін құжат қабылдау мерзімі ұзартылды.

Конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан, тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар еліміздің педагогтері қатыса алады. Яғни жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында педагогикалық қайта даярлаудан өткен, сондай-ақ «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар мамандар қатыса алады. Сонымен қатар конкурсқа үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес гуманитар бағыты бойынша, үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,2-ден төмен емес жаратылыстану-математика бағыты бойынша жоғарғы оқу орнынының педагогика мамандықтарының түлектері, сондай-ақ педагогика мамандықтары бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,4-тен төмен емес магистратура түлектері қатыса алады. Әсіресе жоғары оқу орнын бітірген түлектер үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ. Конкурстың өзіндік талаптары да бар. Конкурстың екі кезеңінен өту керек. Бірінші кезең – компьютерлік тестілеу және эссе. Тестілеу және эссе жазу үміткердің таңдауы бойынша еліміздің 17 облысындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде компьютер форматында өтеді. Білім мен білігі сай мұғалім конкурс талаптарынан оңай өтері анық. Тек біліміне сенсе болғаны. Конкурстың іріктеуінен өткен мұғалімдер Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданады. Тағы бір артықшылығы олармен 5 жылға еңбек шарты жасалады. Бүгінгі күнге дейін конкурсқа қатысуға 800-ге жуық педагог өтініш беріп үлгерді. Алдағы уақытта олардың қатары арта түсері анық. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолға алынған керемет бағдарламаның арқытшылықтары көп. Сондықтан да болашағын білім саласымен байланыстыратын мамандар осы мүмкіндікті жіберіп алмауы тиіс. Білім сайыстарында бәйгенің алдын бермей жүрген Түркістан облысына да аталған пәндер бойынша мамандар көптеп қажет-ақ. Болашақта конкурстан өткен мамандар өңірдегі білім сапасын арттыруға көптеп үлес қосары сөзсіз.