Білім сайысында бәйге алды

2022 ж. 29 маусым

Білім сайысында бәйге алды

Қазақтың кемел талантты ұлы Ахмет Байтұрсынов : «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек»,- деген екен. Дөп сөз. Құптарлық сөз.Еліміздің ертеңгі болашағы– жастарға білім беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені тағы белгілі. Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы «Дарын» мектебі еселі еңбектің арқасына көптеген жетістіктерге жетті. Дарынды өрендер жиналған бұл мектеп қандай мақтауыңызға да лайық. Өйткені мектеп шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай бір төбе. Облыстық, республикалық білім сынағындағы сайыстардан оза шауып бәйге алып, ұстаздарының мерейін асырып жүр.Білім бесіктерінде оқушыларын ілім нәрімен сусындатып жүрген ұстзадар қауымының абыройы асқақтап, еңбектерінің өтелгеніне қуанулы.Аталмыш мектеп шәкірттерінің жеткен жетістіктерінің ең үздігі болған: Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиададан II дәрежелі дипломмен – Мұрат Әдеміні Қазақстан республикасының Оқу-ағартуминистрі Асхат Аймағамбетов марапаттады. Осы марапат негізінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған Әдемінің ата-анасына алғыс хат табысталды. Облыс тарапынан 200 мың теңге сыйақы берілді. Дарын мектебінің талантты шәкірті осылайшасүбелі жетістігінің арқасында жеңіске қол жеткізді. Тек дарындылар оқитын мектептің бұдан өзге де шәкірттері білім бәйгелерінен қанжығалары майланып қайтып жүр. Алдағы уақытта олардың басым бөлігі ұстаздарын жетістіктерімен қуанта берері анық. Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, жаңа дәуір күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі – білім беру, ғылымды дамыту осы дарынды оқушылардың еншісінде. Әлемге әйгілі ғалым да, өнертапқыш та осындай дарынды балалардың арасынан шығары анық. Оған сенім кәміл.