Білім көпірін орнату мақсатымен тұрақты Академиялық алқа жиынын өткізу келісілді
2022 ж. 19 маусым

Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Мектеп пен Университеттің ынтымақтастығын жетілдірудің өзекті мәселелері» тақырыбында ашық диалог алаңын өткізді. Аталмыш тақырыпта жиын өткізудегі мақсат - оқушылардың білім сапасын арттыруда білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, мектеп пен университет арасында білім көпірін орнату болып табылады.Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Толымбет және кафедра меңгерушілері, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, қалалық/аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскерлері мен мектеп директорлары қатысты.
Мемлекет тарапынан іске асқалы отырған мұғалім тапшылығы бар өңірлерге педагогтерді тарту бойынша жасалып отырған Арнайы бағдарлама жұмыстары да қаралып, облыс деңгейінде шешудің де жолдары талқыланды.
Соңғы үш жылда университеттің педагогика мамандығын алып шыққан 931 түлегінің 636-сы, яғни 70% Түркістан облысында қалып, білім беру ұйымдарына жұмысқа тұрған. Демек, бұл көрсеткішті ары қарай көтеріп, мұғалім тапшылығын жергілікті деңгейде де шешуге біршама негіз бар. Жиын барысында педагог кадрларды сапалы даярлау, білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар беру жұмысын жүйелі бірлесіп жүргізу, студенттердің практикадан өту тәжірибесін жетілдіру мәселелері де айтылды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы білім беруді дамыту орталығы арасында білім көпірін орнату мақсатымен тұрақты Академиялық алқа жиынын өткізу келісілді. Дөңгелек үстел хаттамасы негізінде Меморандумды қуаттайтын іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар жүргізіледі.