Білім бәйгесінің мақсаты - дарынды жеткіншектерді анықтау
2022 ж. 6 шілде

Түркістан облысында тіл білімінен халықаралық олимпиада өтіп жатыр. Бұл Олимпиада шет елдерде тұратын қазақ балаларына берілген үлкен мүмкіндік. Олар Ата жұртқа келіп ана тілін қалай меңгергендігін көрсетеді. Осындай мүмкіндікті мүлт жібергісі келмеген қатысушының бірі -Нұргүл Олжабаева. Ол -Ташкент облысы, Бостандық ауданынан келіп отыр. Нұргүл Олжабаева-Өзбекстаннан келген қатысушы. Өзбекстан бойынша қазақтардың, қандас бауырларымыздың ең көп шоғырланған жері-Бостандық ауданы. Ол жердегі халықтың 90 пайызы-қазақтар. «Біз халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанамыз, мәдениетін насихаттап, дәріптеп, мақтан тұтып жүреміз. Бүгін киелі мекенге олимпиадаға келіп отырмыз. Бұйырса жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз», дейді.Қазақстанға келген білімпаздарды киелі Түркістан шаһары ыстық құшағын жая қарсы алды. Шет елдердегі қазақ диаспорасына арналған білім бәйгесінің мақсаты - дарынды жеткіншектерді анықтау. Олардың қазақ тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына деген қызығушылықтарын арттыру. Дінислам Болатханұлы - Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: «Самарадан, Алтайдан келіп жатқан қандастарымыздың қазақ тілінде сөйлеуі жүректі тебірентеді. Мен қазақпын, менің туған тілім қазақ тілі деп баға жетпес құндылықтарымызды бағалап жүру баршамызға парыз».
Зәуре Аманова-«Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы «Олимпиаданың негізгі мақсаты-шетте жүрген қандас бауырларымызды елге тартып, жоғары оқу орнына түсіріп, елге қызмет етулеріне жағдай жасау».
«Менің елім, туған жерім-Қазақстан»,- деген ой салып, елімізге деген патриоттық сана-сезімді қалыптастыру. Білім бәйгесіне еліміздің бетке ұстар ғалымдары қазылық етеді. Мыңнан жүйріктер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы дипломдарымен, медальдармен марапатталады. Ал Отандастар Қоры қатысушыларға Бурабайдағы I-Qanat мектебінде ұйымдастырылатын 2 апталық жазғы демалысқа 3 тегін жолдама ұсынатын болады.