Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары басталды
2022 ж. 29 шілде

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелер және ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізуді бастады.
Осыған орай, кеше Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын басқарма қызметінде жүргізудің тәртібі бойынша жиын өткізді.
Жиынға Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен жұмысшы топ құрамы, қоғам өкілдері мен Адами әлеуетті дамыту басқармасының ұжым қызметкерлері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы облысқа қарасты қала/аудандардағы білім бөлімдерінің мамандары қатысты.
Шара барысында Ержан Әлиұлы Түркістан облысында білім беру саласы - сыбайлас жемқорлық қылмыстары ең көп тіркелген және тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсетін мекемелердің бірі екендігі баса айтылып, жұмысшы топ құрамына сыртқы талдау жұмыстарын 7 бағыт негізінде сауатты әрі мұқият жүргізу қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелер және ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары 2022 жылдың 28 шілде - 7 қыркүйек аралығында жүргізілетін болады.