Балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуанышқа бөледі

2022 ж. 26 маусым

Балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуанышқа бөледі

Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры. Ал баланың қуанғаны әлемдегі баға жетпес байлық. Ұлттық болмыс пен халық құндылықтарын шәкірт бойына дарытуда отбасы мен ұстаздың тәлім-тәрбиелік шараларына қойылар талап жоғары болады. Мектеп – білім берумен қатар, тағылымды тәлім-тәрбие түрлерін ұйымдастыратын өнеге ордасы. Мектепте берілген білімнен бөлек, балалардың таным түсінігін дамыту үшін атқарылатын шаралардың да орны бөлек. Жуырда Түркістан облысының мемлекеттік қызметкерлері 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қуаныш сыйлады. Түркістан облыс әкімдігі аппараты мен басқармалар мамандары аймақтағы балалар үйлерінің 156 тәрбиеленушісін Шымкент қаласындағы «FONTAN» аквапаркіне апарып, мерекелік сый жасады. “Балаларға қуанышты күн сыйла!” атауымен өткен игі бастамаға Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының, “Балаларды қолдау орталығы” тәрбиеленушілері қатысты. Бұндай игі бастамаға аймақтағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан алғаш рет ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар тек бассейінге түсіп қана қоймай, ыстық тағамдармен, түрлі тәттілермен қамтамасыз етіліп, мерекелік атмосфераны сезінді. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан осындай қайырымды шаралар мемлекет тарапынан да, демеушілердің қолдауымен де тұрақты өткізіліп келеді. Шараға қатысқан әр бала қуаныштарын айтып жеткізгісіз, керемет өтіп жатқанын тілге тиек етті. «Шара барысында балалар үйінің тәрбиеленушілерінің махаббатқа сусап жүргенін аңғардық», дейді басқарма мамандары. Жас тәрбиеленушілер келген қонақтарды өздерінің аға-апаларындай қарсы алып, әншілермен бірге ән айтып, би де биледі. Тәп-тәтті бүлдіршіндердің үлкенге деген құрметін, бауырмалдығын көргенде, сонымен қатар, ең сорақысы сондағы тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің 80 пайызының ата-анасы өмірде бола тұрып, олардың екі көзі төрт болып, ата-ананың аялы алақанын аңсап жүргендерін естігенде, көзіңе еріксіз жас келеді. Концерттік бағдарлама аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәтті тағамдар таратылды. Иә, «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі». Осындай игі бастаманы қолға алған орталық ұжымы мұндай іс-шараны тек мерекеде ғана емес, алдағы уақытта жиі ұйымдастыруды жоспарлауда.