Бала қауіпсіздігі ата-ананың басты міндеті

2022 ж. 6 шілде

Бала қауіпсіздігі ата-ананың басты міндеті

Жаз – жылдың керемет мезгілі. Бұл әсіресе балалардың асыға күтетін кезеңі. Жазда оушылардың жазғы лагерге шығуына, туыстарға баруға, өзенге шомылып, орманда қыдыруға тамаша мүмкіндіктер туады. Бірақ демалыспен қатар қауіпсіздікті де ұмытпаған жөн. Себебі шақырайған күннің көзі, суық су, жәндіктер, тез бұзылатын тағамдар сияқты әр түрлі қауіп-қатерлер де жоқ емес.

Балалар үшін жазда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ең алдымен - ата-ананың міндеті. Егер сіз жазда демалысқа жіберетін болсаңыз – онымен суда, күн көзінде, жолда, орманда, тауда жүрудің ережелері туралы әңгімелескеніңіз жөн.

Әсіресе біздің өңірімізде суда шомылу қауіпсіздігіне баса мән берген дұрыс. Себебі ауданымызда өзен, көл, тоғандар жетерлік. Су – адам үшін қауіпті апат. Тіпті тыныш ағып жатқан тынық судың өзі қауіпсіз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар. Әдетте, жүзе алмайтын балалар белден жоғары келетін, судың терең жеріне бара бермейді, сондықтан суда жүзе алмайтын балалар емес, өзін жақсы жүзе аламын деп санайтын балалар судағы қайғылы жағдайларға ұшырап жатады. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар шомылу кезінде үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Сәл үлкенірек жастағы жеткіншек балалар, өздері су айдынына шомылуға барған кезде де, суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған, су астындағы терең ой-шұқырлары жоқ, қатты су ағысы, иірімі немесе толқыны жоқ жерлерде шомылуы қажет. Көптеген жазатайым оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алып жатады.

Балалардың судағы қауіпсіздігі туралы ата-аналар нені білуі керек?

- суға тамақтанғаннан кейін біржарым сағаттан соң шомылуға болады;

- егер судың температурасы +16 °С төмен болса, суға түсуге болмайды, себебі судың суықтығынан аяқ-қолдың тырысуы немесе естен айырылу жағдайлары болуы мүмкін;

- су температурасы +17 °С-ден +19 °С-ге дейін және ауаның температурасы +25 °С болған жағдайда, суда 10-15 минуттан артық шомылуға болмайды;

- суға тек қана суға түсуге арналған қауіпсіз, арнайы жабдықталған жерлерде түсу керек. Егер сіз жабайы табиғи жерлерде шомылуды шешсеңіз, суы таза, тереңдігі 2 м аспайтын, судың түбі қиыршық тасты немесе құмды жерді және ағысы жай 0,5 м/с жоғары емес орынды таңдағаныңыз жөн (тексеру үшін суға жаңқа немесе таяқ тастаңыз). Әрқашан су түбін тексеру қажет және шомылып жатқан балаларды қадағалаңыз. Балалар су жағасында шомылулары қажет. Ешқашан шалшық суға түспеңіз;

Балалардың судағы қауіпсіздігінің негізгі ережесі:

- Белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайды, ол болмаған жағдайда жағадан алыс жүзбеу керек;

- Қайықтарға жақын жүзуге болмайды;

- Таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды;

- Қайық, айлақ, көпір үстінен және арналмаған жерлерден секіруге болмайды;

- Күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, себебі естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;

- Дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;

Қарсыласыңды суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, себебі жолдасың тұншығып және есін жоғалтуы мүмкін.

Осындай қарапайым сақтық шараларын ата-аналар үнемі балаларға ескертіп отырғаны жөн. Балалар сыныптастарымен немесе достарымен шомылуға демалуға ата-аналардың қадағалауымен бірге барғаны дұрыс. Сонымен бірге жаз мезгілінде кене, улы жәндіктердің шағуы жиі орын алады. Сондықтан, баланың әрбір ісінен ата-ана хабардар болса, қолайсыз жағдайлардың алдын алар еді.

Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар - ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата - ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.

Құрметті ата – ана, егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан, бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық!

Б.Матжанұлы, Шардара аудандық

Ы. Алтынсарин атындағы

негізгі орта мектептің мұғалімі