Байқау сынағы өтті

2022 ж. 28 маусым

Байқау сынағы өтті

Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бүгінде табысты жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның мақсаты - қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. «Қазақ тілін үйретейік» және «Қазақ тілін үйренейік» жобаларының аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақ тілін еркін форматта үйрететін «Сөйле Time» клубы ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Түркістан облысының қарамағындағы барлық аудандарда тілдерді оқыту орталықтарының базасында арнайыклубтар ашылып, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуде. Бүгінде қазақ тілін үйрететін клубқа тіркелген тыңдаушыларбарлық ынта-шынтасымен кіріскен.

Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы Қазтест жүйесін дамыту басқармасы мамандарының қатысуымен Жамбыл атындағы мектеп-лицейі базасында Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «ҚАЗТЕСТ» байқау сынағы болып өтті. Мақсаты: мемлекеттік және бюджеттік сала өкілдерін Қазтест сынағынан өткізу, қазақ тілінің меңгеру деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырылып өткізілді.

Байқау сынағын аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, өз сөзінде: «Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан қазақ тілінің кеңінен қолдану бағытында бірқатар жұмыстар жасалуда. Солардың бірі – мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалайтын «Қазтест» жүйесі. 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білуі тиіс. Мемлекеттік тілді дамытудың негізгі қозғаушы күші алдымен мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Сондықтан, ең алдымен "Қазтест"-тен мемлекеттік қызметшілерді өткізу міндеті тұр» - деп атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау сынағына ауданнан 104 мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері қатысып, тыңдалым, лексика-грамматика және оқылым бөліктері бойынша тест тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.