Табыс формуласы

Табыс формуласы

Табыс формуласы!!!

«Табыс формуласы» - бұл өмір мен жаратылыс кеңістігіне барар жол, бұл сіздің денеңізде, ақыл-ойыңызда, құлағыңызға жасалатын жаттығу, табысқа қол жеткізу үшін санаңыз бен бейсанаңызды өзгерту.

Егер сіздің санаңызда, бүкіл болмысыңызда молшылықтың күш-қуаты басым болса, онда өміріңізде жетістіктер, шама-шарқыңызға қарай табыстар пайда бола бастайды. Яғни, бұл энергия сізге байлық әкеледі және ол көбейген үстіне көбейе түседі. Ал, ақшаның жетіспеушілігі, мұқтаждық, тұрмыстың жүдеулігі туралы ойлар тек проблеманы ұлғайтады. Сіздің сана-сезіміңізде молшылық туралы ойлар орын алса, бұл әлгінде айтылған проблемаларды оңай шешуге түрткі болады, сонымен қатар жүйкеңіздің тозуынан құтқарып қалады.

Молшылық энергиясымен дұрыс жұмыс істей алатын адамдар «ақша бар болғаны тек береке-байлықтың сан жағынан көрсеткіші екенін» жақсы біледі. Егер сіз өзіңіздің бойыңыздағы молшылық күш-қуатыңыздың көзін ашпайтын болсаңыз, ешуақытта үлкен қаржыға иелік ете алмайсыз. Көбінде сіз ақшаға жете алмай жүресіз, қолыңызға түскен жағдайда құмға сіңген судай жоқ болып кетеді, содан соң мазасыздануға көшесіз. Бұл бойкүйездік сіздің қаржылық арнаңызды жауып тастайды.

«Молшылық» тәжірибесінің негізгі қағидасы мынадай – сіз молшылық энергиясын санаңызға сіңдіруіңіз керек, неге десеңіз, бейсанаңызға жазу арқылы нәтижеге қол жеткізе аласыз. Кеңістік пен уақытқа, шартарапқа молшылық энергияңызды шаша отырып, сепкен дәніңіздің жемісін көре аласыз. Жаратылыс өзі әу бастан кармалық матрицалар мен кармалық заңдар арқылы адам баласына байлық беріп отырған. Яки, кім байлыққа кенелсе, ол өзінің кармалық тартылыс күшінің әсерінен болғаны. Кейбіреулер бар болған үстіне бай бола түседі, ал кейбіреулер қолындағы азын аулағынан да айрылып жатады. Бұл мысалдарды өмірдің өзіне алып отырмыз. Мұның шындық екеніне келісесіз ғой?

Сөздің сиқыры

Ой – құдіретті және затқа айналушы. Біздің санамыздағы ойлар сөздерден тұрады және ол тіл арқылы сыртқа шығады. Ал, сөздер қайталану арқылы өмірімізге тікелей әсерін тигізеді. Ойға қарағанда, сөзді бақылау оңай. Дегенмен, ойды сөз арқылы бақылауға алуға болады. Егер аузымыздан шығатын әрбір сөзбен жұмыс істей білсек, біз ойлау жүйемізді қадағалайтын боламыз. Ойлау процесі өзгерсе, өміріңізде өзгереді, осы арқылы табысқа жетуге болады.

Сіздің аузыңызбен айтылған сөзде орасан күш бар. Тіпті, адамдар оның қаншалықты күшті екенін сезбейді де. Сөз арқылы сіз өз өміріңізді қалыптастырып жатқаныңызды түйсінесіз бе? Өкініштісі, біз айтып жатқан сөздерімізге өте сирек мән береміз, көбінде жауапкершілікпен қарай бермейміз... Сол себепті, Табысқа жету үшін біз Табыстың тілін меңгеруіміз керек болады. Мынаны аңғарыңыз: сіз өзіңізбен өзіңіз ішкі диалог арқылы әңгімелескенде қандай сөздерді қолданасыз және сыртқы адамдармен сөйлескенде ше? Қандай сөздерді пайдаланасыз? Жалпы, сіз қандай сөздер айтып жатсыз?

Біз балалық шағымызда өзімізбен-өзіміз іштей сөйлескен сәттеріміз, ішкі бекінісіміз, уайымдарымыз бойымызда қалып кетеді екен де, ол есейе келе дәл солай көрініс бере бастайды.Егер біз өзімізді төмендететін болсақ, жақсы көрмейтін болсақ, онда сіздің өміріңіз бақытсыздыққа айналады. Ал, егер біз өзіміздің бағамызды білсек, жақсы көретін болсақ, өмірімізде шаттық пен қуаныш молырақ орын тебеді.

Өмірдегі өзіңіздің сәтсіздіктеріңіз үшін ешуақытта ата-ананыңызды, жақын-жуықтарыңызды, мемлекетті кінәлай көрмеңіз. Осылай өзгені жазғыратын болсаңыз, сіздің әлі де бір орында тапжылмай тұрғандығыңызды білдіреді, сіз бұл проблемаларды шешпейсіз, керісінше жамалған үстіне жамап аласыз деген сөз. Өзгені айыптау сізге еркіндік әпермейді, өзіңіздің аяғыңызды тұсап тұрғанмен бірдей. Бұдан күш-қуатыңыз сарқылады.

Әсіресе ішкі және сыртқы диалогты байыппен бақылаңыз. Егер тіл қолданысыңызда сізді табысқа жеткізбейтін, кедергі келтіретін қандай да бір жұғымсыз сөлекет сөздер, ойлар болса, дереу доғарыңыз. Әрине, әр сөзіңізге мән беріп, қадағалап отыруға да сағаттап жаттығу, амал-айла, күш-жігер керек. Дегенмен, жетістікті шын жүрегімен қалаған адамға алмайтын қамал жоқ. Сондықтан, табыс көзіне апаруға мүмкіндік бермейтін өсек-өтірік, дөрекі, бейпіл, ұрысқақ сөздерден аулақ болыңыз.

«Егер сондай болғанда ғой, сөйтер едім», «сол болғанда қатып кетер еді», «әттең», «ондай қайда маған?», «сондай болу бұйырмаған ғой» деген сөздерге абай болыңыз. Мен жетістікке жету үшін мықты кәсібім, мол ақшам, тіреп тұрған танысым.... тағы басқа болу керек, оның менде бірі де жоқ деп салыңыз суға кетпесін. Мұны бейсанадан алып тастау керек. Мейлінше, «мен осыны қалаймын», «мен мынаны таңдаймын», «мен жетемін», «мен аламын», «мен табысқа кенелемін», не болмаса өткен шақпен «мен табысқа кенелдім», «мен табыстымын» деген сөздерді жиі қолдануыңыз (міндетті түрде!) өте қажет! Көбіне-көп адамдар «бірақ» деген сөзді қосып сөйлейді, мәселен, «мен бай болар едім, бірақ менің...», «мен үлкен табысқа жеткен болар едім, бірақ менің...». Сіздерді құртатын осы «бірақ» деген сөз. Сол сияқты «жоқ» деген сөзге де өте сақ болу керек, менде ақша жоқ деп аузыңызды қу шөппен сүрте берсеңіз, бұл ақпарат расқа айналады.

Таң атар-атпастан өкпе-реніштеріңізді айтудан бастамаңыз, күліп ояныңыз, сосын бүгін күні бойы не істейсіз өз игілігіңіз үшін, соны жоспарлап өтіңіз. Ойыңызға жоспарды тиянақты бекітсеңіз, ми оны орындайды. Түнгі ұйқыға жатар алдында да ойларыңыз бен сөздеріңізді сүзіп өтіңіз. Мұңлы, көмескі, таза емес ойлар мен сөздерден гөрі жарқын ойларды бейнелеңіз. Таңертең аттай ұшып тұрасыз.

«Сүйіспеншілік маған табыс сыйлайды»

Елестету немесе бейнелеу формуласы. Бұрын-соңды бұл формула жайында естіп пе едіңіз? Бұл – өзінше катализатор, қаржылық салада, бизнесте, шығармашылықта, оқу барысында, үй тұрғызу, көлік сатып алу ісінде табысқа жетуді мың есе жеңілдететін, әрі жылдамдататын тәсіл. Ол біздің өзіміз байқамай қалыптастыратын, бойымызға ұялататын жағымсыз кармалық реакцияларды жояды. Түсінікті болу үшін мынадай мысал келтіріп өтейік, сіз егістікке өзіңізге ұнамды көкөністің тұқымын септіңіз дейік, көкөніспен бірге арам шөптер де (сіз оны екпесеңіз де) өсіп шығады. Алқаптағы көкөніс жақсы жеміс беру үшін сізге әлгі тез көбейетін арам шөптерді жұлып тастау керек болады.

Бұл формула «арамшөптердің» пайда болуынан сақтандырады және «егіннің» мол өнім беруіне көмектеседі. Сонымен бірге ол біздің бейсанамызда жазылып қалған, табысқа жетудің жолдарын жауып тұратын қорқыныштарымыз бен ішкі үрейімізге, біз білмеймін, көре алмайтын тағы басқа қорқынышты сезімдерімізге мықты қорған бола алады.

Сондай-ақ, формуланы үнемі қайталап отыру – миды, ақыл-есті тыныштандырады, дәл мақсатқа қарай бағыт бұрады, амал-тәсілдерді кеңейтеді, визуализация мен медитацияға қатысты қабілет-қарымды дамытады, түйсіктің құпия жақтарын ашуға көмектеседі.

Ол теріс ойларымызды ығыстырып шығарып, шын мәніндегі махаббат пен молшылықтың, берекенің арнасын тартуға мүмкіндік береді. Табысқа жетудің тиімді құралдары мынау: жетістік, ақша туралы әрбір сөзіңізге аса ұқыппен қарап, нықтап шегелегендей айтыңыз. Дауыс ырғағыңызға ерекше мән беріңіз. Ол сенімді шығуы тиіс. Сосын махаббат туралы да сөздеріңізге үлкен байыппен қараңыз, шынайы махаббатты сезінгеніңізге дейін, яғни ол шындыққа айналғанша қайталап, бұл сөздер сіздің аузыңыздан қалай, қандай сезіммен шығып жатыр, осыған мұқият болыңыз. Махаббатты сіздің деніңіз, жүрегіңіз, кеудеңіз, тіліңіз қалай сезінеді? Жалпы, сезіне ала ма? Сезіне алса, сіздің бұл туралы сөздеріңіз қандай? Махаббат туралы қандай сөздер айтқан болар едіңіз? Табыс туралы ше? Байлық туралы қандай сөздер айтасыз? Немесе айта аласыз?..

«Табыс» деген сөзді ой-санаңызбен нысағана алыңыз да, соған бекініңіз. Көзіңізді жұмып, күнделікті өмірде, қызметте, шығармашылығыңызда қандай жетістікке, табысқа жеткіңіз келеді. Соны ойша елестетіңіз немесе бейнелеңіз. Егер сіз нақ осы формуламен өзіңіздің өміріңізді, тағдырыңызды өзгертемін дейтін болсаңыз, сізге үздіксіз әр күн сайын 30-60 минуттан екі-үш ай қатарынан жаттығуды қайталап орындауға кеңес береміз. Сонда ғана формуланы орындаудың шебері боласыз, сіздегі карманың түзелуіне септігін тигізе аласыз. Бастысы, мұны қысылып-қымтырылып, жажсыз күштеп орындаудың қажеті жоқ. Егер бұлай ететін болсаңыз, онда коммуникациялық арналардың жолын жауып тастайды.

Табыс пен махабатта баратын жолдың бірден-бір құралы – жәй ғана сіздің өзіңіз екенін естен шығармаңыз. Негізі жаттығуды айнаның алдында, көзіңізге тіке қарап тұрып орындағаныңыз абзал. Өзіңізге сырттан көз тастап үйреніңіз. Бірінші кезде, оңай болмайды. Сіз өзіңізге көңіліңіз толмай, бос кеңістікті ғана көресіз. Кейін уақыт өте келе, айнаның алдында өзіңіздің табиғи шын бейнеңізді көре алатын боласыз, сіздегі бұған дейінгі бетперделер (маскалар), қосымша жасанды рөлдер, тығылып жатқан қорқыныштарыңыз жоқ болып кетеді. Есесіне өмірге таза бейнемен қарайтын, ашық, ақпейіл, сүйкімді жаңа адамды табасыз. Ол сіздің өзіңіз!